"Маңғыстау-Астрахан" жолаушылар пойызының жолсерігі Алтынай Рамбаеваны "ҚТЖ" ҰК" АҚ басшылығы марапатқа ұсынды. Оған марапат Көлік қызметкерлері күні –кәсіби мерекесінде жасалмақ, деп хабарлайды "Жолаушылар тасымалы"АҚ баспасөз қызметі.
Атап өтерлігі, биылғы 3-шілдеде "Маңғыстау-Астрахан" пойызының жолсерігі Алтынай Рамбаева 9 айлық Фатиманы өлімнен құтқарып қалды. Оқиға сапар барысында орын алған. Мақат станциясында купенің бірінде тоғыз айлық сәбидің шетінеп кеткені туралы хабарланды. Бірақ, жолсерік саспады. Сәбиді өзінің қызмет бөлмесіне көтеріп әкеліп, алғашқы медициналық көмек көрсете бастады. Арада 40 минут өткенде ғана қыздың кірпігі қимылдап, ыңырсып, демала бастады. Көзін ашты. Келесі Құлсары станциясынан кішкентай Фатима мен анасын дәрігерлер ауруханаға жатқызу үшін, түсіріп алып қалды. Қазір сәби өзін сергек сезінеді.
"Бұл шындығында ғажайып ерлік. Біздің Алтынайға айтар алғысымыз шексіз. Сезімімізді қайтып жеткізерімізді білмейміз. Теміржол саласында осындай кісілердің еңбек етіп жатқанына қуаныштымыз",-дейді сәбидің анасы Арайлым Жәлиева.
А. Рамбаева Ташкент политехникалық институтын бітірген. Теміржолдағы еңбек өтілі 16 жылды құрайды. Екі баланың анасы.
Атап өтерлігі, соңғы жылдары пойыз бригадалары тұрақты түрде кәсіби біліктілігін көтеру сабақтарын алып отырады. Оның ішінде жолаушылармен қарым-қатынас жасау этикасы, сөйлеу мәдениеті, қиындық туған кезде алғашқы медициналық көмек көрсету амалдарын үйретеді.