Садақ атудан команда бас бапкері лицензиялық Азия чемпионатын қорытындылады

870

Жолдамаға үміткер атанған классикалық садақ атудан қыздар командасы лицензиясыз қалды. 

Садақ атудан команда бас бапкері лицензиялық Азия чемпионатын қорытындылады

Садақ атудан Тайландтың Бангкок қаласында өткен лицензиялық Азия чемпионатынан Қазақстан командасы бір медаль еншіледі. Блоктық садақ атудан Қазақстан әйелдер құрамасы командалық сында қола жүлдегер атанған болатын. Ал жолдамаға үміткер атанған классикалық садақ атудан қыздар командасы лицензиясыз қалды. Осыған орай, бас бапкер Григорий Ким сұхбат беріп, құрлық додасын қорытындылады, деп хабарлайды Olympic.kz. 

"Садақ атудан Қазақстан командасының Азия чемпионатындағы көрсеткішін қанағаттандырарлық деп бағалаймын. Классикалық садақ атудан ерлер командасының жүлдеге таласатын мүмкіндігі болған. Алайда, спортшылар жүлдеден алыс қалды. Командадағы ең жоғарғы нәтижені Санжар Мұсаев тіркеді. Ол Азия чемпионатын жетінші орынмен аяқтаған. Өкінішке қарай, қыздар командасы лицензия иелене алмады. Енді қыздарымыз Германияның Берлин қаласында өтетін әлем кубогі кезеңінде жолдамаға таласып көреді.  Біз бапкерлермен кеңесе отырып, қателіктермен жұмыс істеудеміз",– дейді бас бапкер.

Григорий Ким ірі турнирлер арасындағы ұзақ үзілістің спортшылар нәтижесіне айтарлықтай әсер ететінін айтады.

"Жалпы алғанда, осы маусымдағы басты мақсатымыз – ерлер командасының жолдама алуына жағдай жасау болатын. Бұл міндетті әлем чемпионатында орындап, Токио ойындарына лицензия иелендік. Енді жаңа жылдан бастап ерлер командасы арасында оқу-жаттығу жиыны басталады. Ал қыздар командасы дайындықты ақпанда бастайды", – дейді бапкер. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу