Қазақ боксының жарқын болашағы саналатын Садриддин Ахмедов енді кәсіпқой бокста ғана өнер көрсетеді, деп хабарлайды Qsport.kz.
69 келі салмақ дәрежесіндегі еліміздегі ең үздік боксшылардың бірі Садриддин Ахмедов кәсіпқой боксқа ауысты. Бұл туралы 19 жастағы былғары қолғап шебері: "Жалпы менің жұдырықтасу мәнерім әуесқой боксқа қарағанда, кәсіпқой боксқа жақсы келеді. Жаныма да әуесқой бокстан гөрі кәсіпқой бокс жақынырақ. Енді кәсіпқой бокста бағымды сынап, еліміздің атақ-даңқы мен абыройын асқақтатуды көздеймін. Бұл шешімді аяқ-астынан қабылдаған жоқпын. Қазақ айтады ғой: жеті рет ойлап, бір рет кес деп, сол себепті бұл шешім мен үшін дұрыс деп ойлаймын. Қазақстан тарихындағы кәсіпқой бокстан ең жас әлем чемпионы атануды және WBC, WBO, WBA және IBF тұжырымдарының белбеуін ұтуды көздеймін. Алла қаласа, бұл белестердің бәрін бағындыратыныма сенемін", - дейді.
Айта кетейік, Садриддин Ахмедов 69 келіде ел намысын қорғайтын Қазақстандағы ең үздік былғары қолғап шеберлерінің бірі. Отандасымыз 2016 жылы жастар арасында өткен әлем чемпионатында үш қарсыласын нокаутпен ұтып, ел қоржынына жалғыз алтын жүлдені салған болатын. Ахмедов шаршы алаңда 251 жекпе-жек өткізіп, 241 рет қарсыластарынан басым болған. Сондай-ақ Садриддин бокстан Шымкентте өтетін ел чемпионатының 69 келідегі басты фавориттерінің бірі саналған еді.