Қырғызстан Президенті екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.
Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты және бауырлас қазақ халқын Құрылтай депутаттарының сайлауының сәтті өтуімен құттықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Қырғыз Республикасы Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Садыр Жапаров азаматтардың еркін таңдауымен жасақталған Құрылтай Қазақстан Республикасының мемлекеттілігін нығайтуға, құқықтық және қоғамдық-саяси институттарды жетілдіруге, сондай-ақ елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосатынына кәміл сенетінін жеткізді.
"Сіздің басшылығыңызбен жүзеге асырылып жатқан жүйелі реформалардың мемлекет мүддесіне, халықтың әл-ауқатын арттыруға және елдің одан әрі өркендеуіне қызмет етіп отырғанын атап өткім келеді.
Қырғыз-қазақ стратегиялық әріптестік және одақтастық қатынастары алдағы уақытта да нығая түсіп, екі ел халықтарының игілігіне, сондай-ақ бүкіл Орталық Азиядағы бейбітшілік, тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз етуге бағытталған жаңа мазмұнмен толыға беретініне сенім білдіремін.
Сізге зор денсаулық, бақ-береке және мемлекеттік қызметіңізде толағай табыс, ал бауырлас Қазақстан халқына бейбітшілік пен өркендеу тілеймін", – делінген Президент Садыр Жапаровтың құттықтауында.
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ
Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу