Қырғызстан президенті Садыр Жапаров мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты туған күнімен құттықтады, деп хабарлайды Inbusiness.kz Қырғызстан басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Садыр Жапаров телефон арқылы Қасым-Жомарт Токаевты құттықтап, оған мықты денсаулық пен мемлекеттік қызметте табысқа жетуді тіледі", – деп жазылған ресми мәлімдемеде.
Мемлекет басшылары әңгіме барысында қос ел арасындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасып, бұрын қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылады. Сондай-ақ екі ел арасындағы байланысты арттыруға қатысты жоспарларды сөз етті.
Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев өз туған күнінде кестеге сай әдеттегідей жұмыс істейді екен.
"17 мамыр әдеттегідей жұмыс күні. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бекітілген кестеге сәйкес жұмыс істейді. Сондықтан ешқандай іс-шара ұйымдастырылмайды, тіпті, Әкімшілік қызметкерлеріне де Президентті құттықтауға рұқсат етілмеді. Мемлекет басшысы үшін бүгін қалыпты жұмыс күні. Оның әулетінде балалардың да, үлкендердің де туған күнін тойлау дәстүрі қалыптаспаған", – деп жазды Берік Уәли өзінің Facebook-тағы парақшасында.
Табиғат Нұрболат