Президент Садыр Жапаров "Кабар" мемлекеттік агенттігіне берген сұхбатында Ыстықкөл жағасындағы ауқымды спорт кешенінің құрылысын ұлы Рустам бақылауда ұстап отырғанын растады.
Еске сала кетсек, бұған дейін "ПолитКлиника" басылымы "Бакиевтердің бизнес серіктестері төңірегіндегі күдікті жағдай" деген тақырыппен зерттеу жариялаған болатын. Онда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің "Аврора плюс" пансионатындағы ұлттандырылған коттедждерді мемлекет меншігінен шығару фактісі бойынша қылмыстық іс қозғағаны айтылған. Бұл іске бірнеше адамның қатысты, оның ішінде "СК-девелопмент" компаниясының басшысы Алексей Конев бар екені айтылды.
Журналист күдікті өзіне қатысты елден шықпау туралы жазбаша міндеттеме түріндегі бұлтартпау шарасына қарамастан, Қырғызстаннан шығып кетіп, "СК-девеломент" компаниясындағы үлесін Рустам Жапаровтың досы Елдос Үсенбековке сатып жібергенін анықтады.
Басылымға түсініктеме берген президент Садыр Жапаров бұл істі жарты жыл бұрын тексергенін атап өтті.
"Мен Коневті бұрын танымайтынмын. Мен оны қамауға алғаннан кейін ғана білдім. Оның "Керемет банктен" 3 миллион долларға жуық несие алып, қайтармағаны белгілі болды. Бұл мемлекеттік қаржы институты. Біз оған бүкіл несиені өтеуге мәжбүр еттік", - деді Мемлекет басшысы.
Ол "СК-девелопмент" серіктестігінің гольф клубын салу конкурсында 92 гектар жерді ұтып алғанын атап өтті.
"Мен осы жағдайды тексеруге адам жібердім және оның тағдыры Жоғарғы Нарын ГЭС каскадының тарихын қайталай жаздағанын білдім. Олар құнын жасанды түрде 10 есеге арттырып, нысан тұрғыза бастады. Біз оны тоқтаттық. Егер олар осылай қалдырса, ғимаратты 1 млн долларға тұрғызар еді, кейінірек 10 млн долларға салдық деп, сатып алғысы келетіндерден осы соманы сұрайтын. Сонда бұл сома мемлекеттің мойнына ілінетін еді. Қазір Ресейге Жоғарғы Нарын ГЭС каскады бойынша 40 млн доллардан астам қарызымыз бар. Біз халықаралық сотта жеңіліп қалдық", - деді Садыр Жапаров.
"Қошкөл ауылындағы 92 гектар жерді жоғалтып алмау үшін Рустамды (ұлы) жіберіп, бақылауға алуды айттым. Ол құрылыс біткенше бағаны бақылайтын болады", – деді Садыр Жапаров.