Сағадиев мұғалімді қай жағдайда жазаға тартуға болатынын айтты

1169

Сағадиев мұғалімді қай жағдайда жазаға тартуға болатынын айтты

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев министрлік блогына түскен сауалға жауап бере келе, қандай жағдайда мұғалімнің жұмыстан шығарылатындығын түсіндіріп берді, деп хабарлайды inform.kz.

Индира Ысқақова педагогтың жұмыс орнында шу шығарғанын айта келе: "Мұндай қылық қалыпты жағдай саналмайды әрі педагогтың әдеп кодексін және білім туралы заңды бұзуы. Жалпы мұндай педагог балалармен қалай жұмыс істейді? Басшы мұндай педагогқа қатысты шара қабылдауға тиіс пе? Соны білгім келеді. Оны адамгершілікке жат қылығы үшін жұмыстан шығаруға құқығы бар ма?", – деп жазған еді.

Министр тәртіптік жаза қолдану барысында Еңбек кодексіне сәйкес дәлелдің болуы, жасалған жат қылықтың ауырлығы мен оның жасалу барысында жағдай ескерілуі тиістігін еске салып өткен.

Оның айтуынша, "Білім туралы" заңға сәйкес педагогтың міндетіне оқушыны жоғары адамгершілікке, ата-анаға, этномәдени құндылықтарға құрметпен қарауға, қоршаған ортаны аялауға үйрету кіреді. Мұғалім педагог әдебін сақтауы, оқушылардың, тәрбиеленушілер мен олардың ата-аналарының немесе басқа да заңды өкілдерінің  ар-намысы мен беделін құрметтеуі тиіс.

Ұстаз өз қызметінде педагог қызметкерінің жоғары атағының беделін түсіруге мүмкіндік туғызатын іс-әрекеттерді жасауға жол бермейді, өзінің қызметтік міндетін адал және сапалы орындайды, білім беру ұйымының мүлкіне ұқыпты қарайды және оны жеке мақсатта пайдаланбайды, жасына, жынысына, ұлтына, діни сеніміне, азаматтығына, шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымды және мүліктік жағдайларына немесе кез келген өзге де мән-жайға қарамастан, адамның құқығын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтейді, жалпы қабылданған адамгершілік-әдептілік нормаларын, сыпайылық пен биязылықты сақтайды.

"Міндетін бұзғаны және педагог қызметкер атына кір келтіретін қылық жасағаны үшін педагог Қазақстан заңымен белгіленген жауапкершілікке тартылуы мүмкін. (...)  Жоғарыда айтылғандардың негізінде тәрбиелік қызметті орындайтын қызметкер жұмысын одан әрі жалғастыруға мүмкіндік бермейтіндей  адамгершілікке жат мінез-құлық танытатын болса, онда жұмыс беруші тарабынан жұмысшымен  еңбек келісімшарты бұзылуы мүмкін", – деп жазды министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу