Әлеуметтік желіде өзін қала мектептерінің бірінде мұғалім ретінде таныстырған әйел ұстаздардың тамыз айында жұмысқа ерте шақырылатынын айтып, шағымданған. Оның сөзінше, педагогтерге мектеп кабинеттерін тазалау, соның ішінде терезе жуу міндеттелген. Әр мұғалімге белгілі бір кабинет бекітіліп, жұмысты орындамаған жағдайда сағат санына қатысты мәселе туындайтыны ескертілген.
Осы ақпаратқа байланысты Алматы қаласының Білім басқармасы арнайы мониторингтік топ құрды. Топ білім беру ұйымына барып, жағдайдың нақты мән-жайын анықтайды.
Тексеру барысында мектептің педагогикалық және әкімшілік-шаруашылық қызметкерлерінен түсініктеме алынып, мұғалімдердің қандай жұмысқа және қандай негізде тартылғаны қаралады.
Тексеру нәтижесінде қандай шара қабылданатыны қосымша хабарланады. Мәселе Білім басқармасы басшылығының бақылауында.