БҚО-ға жұмыс сапары барысында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев бірқатар өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын аралап, облыс активтерімен және бизнес өкілдерімен жобалық басқару мәселелері жөнінде кездесу өткізеді, деп хабарлайды primeminister.kz.
Атап айтқанда, "Орал — Тасқала — Озинки РФ шекарасы" және "Қазталов — Жәнібек — Бөкей ордасы" автожолдарының құрылыс барысы тексеріледі. Бұл бағыттар аудан орталықтарының облыс орталығымен қатынасын дамытады. Мұнда премьер-министр Қазталов, Жәнібек және Бөкей орда аудандарының өкілдерімен "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысын талқылайды.
Бұдан кейін премьер-министр "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысының барысын тексеруге және "7–20–25" бағдарламасының іске асырылу барысымен танысу үшін Зашаған кентіне барады.
Бақытжан Сағынтаев мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру процесімен және "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасының өңірлік жобаларының іске асырылуымен танысады.
Премьер-министрдің жұмыс сапары облыс активімен және бизнес өкілдерімен өтетін кеңеспен аяқталады, онда жобалық басқару мәселелері талқыланып, осы жылдың 6 айындағы жұмыстардың қорытындылары шығарылып, президенттің "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік", "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" жолдауларында, "Бес әлеуметтік бастамасында" берілген міндеттерді одан әрі шешуге қатысты жоспарлар қаралады.
Еске сала кетейік, Бақытжан Сағынтаев мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің өңірлерін жұмыс сапарымен аралап жүр. Бұған дейін Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе облыстарына барып қайтты.