Сағынтаев кәсіпкерлерді Қытай арқылы Оңтүстік Азия елдеріне шығуға үндеді

1021

Сағынтаев кәсіпкерлерді Қытай арқылы Оңтүстік Азия елдеріне шығуға үндеді Фото: inform.kz

ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев кәсіпкерлерді көрші Қытай арқылы Оңтүстік Азия елдеріне шығуға үндеді, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

"Қазір барлық нарықтар ашылып жатыр. Әсіресе, Қытайдың үлкен нарығын ерекше атап өткен жөн. Қытай үкіметі тарапынан да ұсыныстар болды. Олар бірлескен кәсіпорындарды құру арқылы қазақстандық өнімдерді басқа елдерге жеткізуге болады дейді. Бұл дегеніміз, отандық кәсіпкерлер қытайлық әріптестерімен бірлесіп, Қытай арқылы Оңтүстік Азияға шыға алады. Абылай Исабекұлы (Атамекеннің басқарма төрағасы - авт.), осы мәселені жақсы біледі. Сондықтан осы мүмкіндікті сәтті пайдаланамыз деген үміт бар", - деді Бақытжан Сағынтаев "Атамекен" ҰКП президиуымының кеңейтілген отырысында.

Үкімет басшысының айтуынша, бүгінде қазақстандық кәсіпкерлер біраз өнімдерін Қытайдың өзіне тасымалдай алмайды. Дегенмен, ол тауарларды осы мемлекет арқылы Оңтүстік Азияға шығаруға әбден болады.

Айта кетейік, күні кеше үкімет отырысында да отандық өнімдерді Қытайға тасымалдау мәселесі қаралды.

ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниевтің айтуынша, бүгінгі таңда балық, асыл тұқымды жылқылар, қой еті, бал, бидай, бидай кебегі, соя бұршағы, рапс, сиыр еті, жоңышқа, ұн, өсімдік майы, арпа мен жүгері үшін Қытай нарығы ашық.

"Осының арқасында 9 айдың ішінде Қазақстаннан Қытай еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 42 процентке ұлғайды. Иран тарапынан тірі қойды, тоңазытылған және салқындатылған қой етін, сиыр етін, тағамдық жұмыртқаны жеткізуге арналған ветеринариялық талаптар келісілді. Биыл тірі ірі қара малға қойылатын талаптарды келісу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, ірі қара және ұсақ малды Сауд Арабиясына, ал ет пен ет өнімдерін, тауық жұмыртқасын Біріккен Араб Әмірліктеріне жеткізуге қатысты шектеулер алынып тасталды", - деп атап көрсетті Арман Евниев. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу