Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғаринге сөгіс жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Менің тапсырмаммен осы саланы бағыттап отыратын вице-министрге сөгіс жарияланды", — деді Сағынтаев мемлекет басшысының қауіпсіздік кеңесі отырысында айтылған тапсырмаларын орындау және жылу мен электр энергиясы тарифтері мәселелері қаралған үкімет отырысы кезінде.
Үкімет басшысы қауіпсіздік кеңесінің отырысынан кейін бірден тарифтерді төмендету, тарифтерді белгілеу жүйесінің айқындығы мен ашықтығын қамтамасыз ету шараларының анықталғанын жеткізді.
"Комиссия құрамында энергетика, ұлттық экономика және бас прокуратура өкілдері кіретін жұмыс тобы құрылды. Оның басты мақсаты — түпкі тұтынушылар үшін тарифтерді төмендету. Қазір электр энергиясының өзіндік құнын айқындау әдістемесі дайындалуда. Табиғи монополистердің қаражатты мақсатты пайдалануының мемлекеттік бақылау және монополияға қарсы қызметін күшейту бойынша заңнамаға енгізілетін түзетулерді әзірлеу жұмыстары басталды", — деді премьер-министр.
Әрі қарай Бақытжан Сағынтаев энергетика және ұлттық экономика министрліктеріне 1 желтоқсанға дейін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап тарифтерді төмендететін жүйелі іс-шараларды әзірлеу міндетін жүктеді. Сондай-ақ, күн тәртібіне екі негізгі мәселе қойылып отырғанын айтты.
"Біріншіден, тарифтерді қалыптастыру процесінің ашықтығын қамтамасыз ету. Екіншіден, баға саясатына мемлекеттік органдар тарапынан бақылауды күшейтіп, тарифтерді төмендету үшін қажетті іс-шараларды қабылдау", — деді ол.