Сайлау кезінде Атырау мен Маңғыстау облыстарында жарық сөніп қалды

780

Оқыс жағдай тұрғындардың дауыс беруіне кедергі келтірмегені айтылуда.

Сайлау кезінде Атырау мен Маңғыстау облыстарында жарық сөніп қалды

Атырау облысында сайлау процесі соңына жетпей жатып, жергілікті уақытпен 18:30-да көп жерде жарық өше бастады. Белгілі болғандай, Атырау қаласындағы шағын аудандар мен қала маңындағы Водников, Кеңөзек, Дамбы, Балықшы, Балауса, Лесхоз, Геолог, Бірлік, Тасқала елді мекендерінде, сондай-ақ, Махамбет пен Индер аудандарында да электр қуатын беру тоқтап қалған. "KEGOC желісінде пайда болған ақау салдарынан Атырау қаласының кейбiр ықшамаудандары уақытша жарықтан ажыратылды. Қалыпқа келтіру жұмыстары күшейтілген режимде жүргізілуде. Жарық біртіндеп қосылады" деп хабарлады "Атырау-Жарық" АҚ баспасөз қызметінен. 

Сөйтсек, Атырау облысындағы электр желісінде болған апат салдары Маңғыстау облысына да әсер етіпті. Соған байланысты МО әкімдігі ресми ақпарат таратты.

"Атырау облысының аумағындағы "Индер", "Атырау" қосалқы станцияларында орын алған апаттық жағдай салдарынан электр энергиясы жиілігінің төмендеуіне әкеліп, соның салдарынан "КЕГОК" желісінің батыс аймағы бойынша (Атырау және Маңғыстау облыстарында) электр жүйесі тұтас істен шықты. Салдарынан Ақтау қаласындағы (1,2,3,6,8,13,24 шағын аудандар) және Түпқараған ауданындағы ("Дунга", "Акшукыр", "Форт", "Баутино" қосалқы станциялары) және Мұнайлы ауданындағы ("Маңғыстау", "Қызылтөбе") аудан тұрғындары жарықтан ажыратылды. Сағат 18.30 пен 19.45 аралығында Ақтау қаласындағы сайлау учаскелерінің ішінен екі сайлау учаскесі уақытша электр энергиясынан уақытша шектелді. Қазіргі уақытта "КЕGОC" АҚ Атырау облысының аумағында апатты қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, жиілікте қайта орын алған апаттың салдарынан сағат 20.00-де Ақтау қаласындағы 1, 2, 3А, 3Б, 4 және 5 шағынаудандарында жарық қайта сөнді. Жоғарыда аталған Мұнайлы және Түпқараған аудандарындағы қосалқы станциялар электр желісіне қайта қосылу үшін "КЕГОК" АҚ рұқсат күтіп отыр. Бұл мәселе облыс әкімдігінің жіті бақылауында", – деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар, оқыс оқиға Атырау мұнай өңдеу зауытына да әсер етіпті. Соның салдарынан технологиялық қондырғыларының сорғы және компрессорлық жабдықтары тоқтап қалып, төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында қысымның бақылаусыз жоғарылауы түрінде отын газы факел жүйесіне бағытталған.

Айта кетейік, факел қауіпсіздік құрылғысының рөлін атқарады және атмосфераға зиянды заттардың түсуіне жол бермей, жанып жатқан көмірсутекке қатысты технологиялық процестің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. 

Жергілікті облыстық аймақтық сайлау комиссиясы өз кезегінде жарықтың өшуі тұрғындардың дауыс беруіне және жалпы сайлау барысына кедергі келтірмегенін мәлімдеуде.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу