Сайлауалды үгіт-насихат науқаны 11 мамырда басталады

1706

Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президентті таңдау науқанын өткізу тәртібін түсіндірді.

Сайлауалды үгіт-насихат науқаны 11 мамырда басталады

Сәуірдің 28-іне дейін саяси партиялар мен республикалық қоғамдық бірлестіктер сайлауға түсетін кандидаттардың есімін атауға тиіс, деп хабарлайды 24.kz.

"Сайлау жарнасы 50 ең төменгі еңбекақыны құрайды. Ол 2 млн 125 мың теңге. Егер үміткер президент болып сайланса немесе 5 пайыздан артық дауыс жинаса, бұл ақша кандидатқа қайтарылады", – дейді ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров.

Сондай-ақ кандидаттар денінің саулығын растайтын медициналық қорытынды мен кірістері һәм дүние-мүлкі көрсетілген декларацияны тапсырады. Егер бұл мәліметтер расталмаса, Орталық сайлау комиссиясы үміткерді тіркеуден бас тартуға құқылы. Мемлекеттік тілді еркін меңгеру талабы бойынша сайлауға түсетін азаматтар сауатты оқып-жазып, өз ойын еркін жеткізе білуге тиіс. Бұл білімдерін тіл мамандарынан құралған арнайы комиссия тексереді.

Сайлау науқаны жеті кезеңге бөлінеді. Сәуірдің 28-іне дейін саяси партиялар мен  республикалық қоғамдық бірлестіктер президентке үміткерлерді ұсынады. Ал алдағы 32 күннің ішінде Орталық сайлау комиссиясы кандидаттардың Конституция мен Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігін анықтайды. Ал мамырдың 11-інен үгіт-насихат жұмыстары басталады. Маусымның 8-і "Тыныштық күні".

Қазақстандықтар жаңа президентті маусымның 9-ы таңдайды. Сайлаудан кейінгі келесі екі күнде саяси науқанның алдын ала қорытындылары жарияланып, маусымның 16-ына дейін халық таңдаған жаңа мемлекет басшысын тіркеу шаралары өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу