“Сайлаудағы ұрылар қылмыстық жауапкершілікке тартылсын”

648

Ақтаста сайлау комиссиясы мүшелерінің ұрлығын ашқан бақылаушы мен кандидат Президентке үндеу жолдады. 

“Сайлаудағы ұрылар қылмыстық жауапкершілікке тартылсын”

Ақтас кентіндегі 13 мектепке Шыңғыс Примов сайлауға түскен кандидат Жандос Садуақасовтың бақылаушысы ретінде барған. Олардың  айтуынша 279-сайлау участогі сағат сайын бақылаушыларды еден жуып тазалаймыз деген сылтаумен далаға шығарып жіберген. Осындай үзілістің кезінде Шыңғыс Примов  ұялы телефонының камерасын қосып шығып кеткен.

Бақылаушылар шыққан бетте сайлау комиссиясында отырған екі мұғалім жәшікке бюллетеньдердің бірнешеуін үйіп салған. Бұдан кейін бақылаушы Шыңғыс Примов полицияға және прокуратураға шағымданған. 23 наурызда сайлауда кандидат болған Жандос Садуақасов пен бақылаушы Шыңғыс Примов сайлау кезінде өткен заң бұзушылықтарды айтып Президентке үндеу жолдады. Олар сайлау кезінде заң бұзған екі мұғалімнің қылмыстық жауапкершілікке тартылуын талап етіп отыр.

“ 279-сайлау участогіне таңғы жетіден бастап кешкі сегізге дейін бақылаушылар отырып , санағанымыз 260 адам ,олар бұл көрсеткішті мыңнан аса адам дауыс берді деп асырып отыр. Мүлдем мүмкін емес көрсеткіш. Сайлауға келген адамдар өте аз болды, сағатына екі - үш адам ғана келген кезді көрдік . Сосын әр сағат сайын далаға шығарып жібергенде менімен ауысып отырған бақылаушылар қайта кірген кезде жәшікте көп қағаздың болғанын байқап қалғанын айтты. Содан кейін мен ұялы телефонымды қосып кеттім ”,- дейді бақылаушы Шыңғыс Примов.

Саран қаласының прокуроры Жанқозы Накишев сайлауда заң бұзған екі мұғалімді әкімшіліктік құқық бұзушылық бойынша 108 бапқа сәйкес жауапқа тарту қажеттігі жөнінде қаулы шығарған. Сайлауға түскен кандидат Жандос Садуақасов пен бақылаушы Шыңғыс Примов екі мұғалім айыппұл төлеп құтылып кете ме деп отыр. Олар прокурордың бұл қаулысына қарсы екендерін айтып , облыстық прокурорға жүгінеді.

Ал прокуратура бұл мәселеге қатысты ресми ақпарат бермей отыр. Жандос Садуақасов Саран қаласы әкімінің бірнеше орынбасарларын жіберіп , өзіне қысым көрсеткенін мәлімдейді. Ол заң бұзылған 279-сайлау  участогінде өткен сайлауды заңсыз деп тануды талап етуде.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу