Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында еліміздегі алғашқы іскер әйелдердің "Сырғалым" көшбасшы қоғамдық қоры құрылды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Бизнес бастағысы келген әйелдерге көмек көрсетіп, отбасылық тәрбие мәселесін қолға алған клуб мүшелері ашылған аз уақыттың ішінде 20-дан астам әйел азаматқа заң кеңесі мен психологиялық қолдау көрсеткен. Сонымен қатар, мәдени көпшілік іс-шара ұйымдастыруға ұйытқы болып, ұрпақтар сабақтастығын жандандырып келеді.
Мәселен, іскер ханымдар "Әйелге сүйіспеншілікпен" атты акция ұйымдастырып, онда мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген әйел азаматтарға дастархан жайып, сый-сияпат жасады және 30 анаға Астана қаласында өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін тамашалап қайтуға билеттер тарту етті.
Бұл шараны тағдырдың тауқыметін тартқан жандарға қуаныш, әйел бақытын сыйлау мақсатында ұйымдастырып отырмыз, дейді қоғамдық ұйым мүшелері.
"Сырғалым" көшбасшы қоғамдық қоры алға – ерлер мен әйелдердің өмір сүру ұзақтығында гендерлік алшақтықты жою, отбасын жоспарлауды қоса алғанда, олардың денсаулығын қорғау үшін қажетті жағдайды қамтамасыз ету, қыз-келіншек пен аналардың құқығы мен мүддесін қорғауды қамтамасыз ету, қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтарын арттыру және өскелең ұрпақ тәрбиесін күшейту міндетін қойып отыр.