Бұл ретте Сайрам ауданында түрік технологиясы негізінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қолға алынуда.
Олардың қатарында түрік инвесторлары қызығушылық танытқан ауыл шаруашылығы саласындағы жоба да бар.
"Burabai biogas&fertilizers factory" ЖШС компаниясы аудан қазынасына инвестиция құюға ниетті. Биогаз өндіретін компанияның өкілдері аудан әкімі Арман Сәбитовпен кездесті.
Басқосуда кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту мақсатында ауданда 15 га аумаққа мал қалдықтарынан биогаз өндіретін зауыт салу жайы талқыланды.
Бұдан бөлек, биогаз өндірісінің патенттелген технологиясының қатты, сұйық органикалық және органоминералды тыңайтқыштарды біріктіретін, жұмыс істеу икемділігінің тиімділігіне тоқталды. 2024-2025 жылдары салынатын биогаз зауытының эскиздік жобасы жайлы жоспарларымен бөлісті.
– Жобаны жүзеге асыру үшін алдымен біз жоспарды және жұмыстың орындалу мерзімін анықтап алуымыз қажет. Жұмыстардың кезең-кезеңімен жүргізілетіні жөнінде мәлімет толығымен жинақталуы тиіс. Қазіргі сіздер ұсынған жобаларға қатысты заң аясында қолдау қарастырылады. Аудан аумағында өндіріс көлемін көбейту – біздің басты мақсатымыз, – деді Арман Сәбитұлы.
Компания Қазақстан аумағында 2019 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Бұл жоба негізінен органоминералды тыңайтқыштар мен мал қалдықтарын өңдеуге, биогазды тазарту процесінен өткізіп, электр және жылу энергиясын жетілдіруге бағытталған.
Аталған өндіріс орны іске қосылғанда мал қалдықтары пайдаға асып, толығымен қайта өңделеді деп күтілуде.