Сәкен Сейфуллинге арналған жылжымалы көрме өтуде

387

Көшпелі көрмеде 100-ден астам бірегей жәдігер жұрт назарына ұсынылды.  

Сәкен Сейфуллинге арналған жылжымалы көрме өтуде Фото: gov.kz

Жетісу облыстық тарихи-өлкетану музейінде "Сәкен Сейфуллин: тағдыры мен мұрасы" атты көшпелі көрме өтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

 Экспозицияда ақын, жазушы, ағартушы және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің жеке заттары, сирек фотосуреттері мен мұрағаттық құжаттары алғаш рет Талдықорған қаласында көпшілік назарына ұсынылды.

Көрмеге Астанадағы С.Сейфуллин музейі қорынан әкелінген 100-ден астам жәдігер қойылған. Экспозиция қайраткердің балалық шағынан бастап, ағартушылық қызметі, ұлттық білім беру ісі мен қазақ тілінің дамуына қосқан үлесін кеңінен қамтиды.

Көрменің басты ерекшелігі – Сейфуллин әулетіне тиесілі түпнұсқа жәдігерлердің ұсынылуы. Олардың қатарында анасы Жамалдың ұршығы мен самаурыны, Сәкеннің күміс қасығы, жұбайы Гүлбаһрамның жеке заттары, сондай-ақ қолжазбалар, құжаттар мен сирек фотосуреттер бар.

Сонымен қатар келушілерге Сәкен Сейфуллиннің әйгілі шығармаларының алғашқы басылымдары, оның ішінде "Асау тұлпар", "Қызыл сұңқарлар", "Бақыт жолында", "Тар жол, тайғақ кешу" еңбектері таныстырылуда. Экспозицияда оның "Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік" атты тарихи мақаласына да ерекше орын берілген.

Көрме аясында әдебиеттанушы Тұрсынбек Кәкішевтің Сәкен мұрасын зерттеудегі еңбегі де қамтылған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме жастарға тарихи тұлғаның өмірі мен шығармашылығын тереңірек танып-білуге мүмкіндік береді. Жоба аясында мектеп оқушылары мен студенттерге арналған экскурсиялар мен танымдық іс-шаралар өткізу жоспарланған. Көрме 19 маусымға дейін жалғасады, кіру тегін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу