Қазақстан Ұлттық банкі сақтандыру делдалдығын реттейтін заңнамадағы өзгерістер туралы хабарлады.
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі, бағалы қағаздар нарығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2018 жылғы 2 шілдедегі № 166-VI Қазақстан Республикасының Заңымен сақтандыру брокерлерінің және сақтандыру агенттерінің қызметіне қатысты заңнамалық өзгерістер енгізілді.
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап сақтандыру брокерінің лицензиясы брокерлік қызметтің екі негізгі түріне бөлінеді - сақтандыру шарттарын жасау бойынша және қайта сақтандыру шарттарын жасау бойынша.
Брокерлік қызметтің әрбір түріне қатысты сақтандыру брокерлерінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және олар көрсететін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған жекелеген реттеушілік талаптар енгізіледі.
Атап айтқанда, сақтандыру брокерінде меншікті капиталдың белгілі бір ең төмен мөлшерінің болуы жөніндегі талап енгізіледі, сондай-ақ сақтандыру брокері қызметінің түрлерін ескере отырып жарғылық капиталға талаптар белгілеу жоспарланады.
Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бейрезидент сақтандыру брокерлерінің Қазақстаннан тәуекелдерді орналастырудағы қатысуы шектеледі, бұл ішкі нарықтың әлеуетін және резидент сақтандыру брокерлерінің отандық сақтандыру нарығындағы рөлін арттыруды қамтамасыз етеді.
Сақтандыру брокерлері мемлекеттік сатып алудың web-порталында сақтандыру шарттарын жасасу бойынша делдалдық қызметті жүзеге асыру кезінде туындайтын мүдделер қайшылығын және заңнаманың бұзылуын болдырмау мақсатында брокерлерге сақтандыру шарттарын жасасумен байланысты қызметті ұсыну жөніндегі мемлекеттік сатып алуға қатысуға тыйым салынады. Сақтандыру ұйымдары ғана қызметті жеткізушілер бола алады.
Бұдан басқа, сақтандыру нарығында тәуелсіз тұлғалар ретінде сақтандыру брокерлеріне сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары жасайтын сақтандыру (қайта сақтандыру) пулдарына қатысушылардың ортақ істерін басқару және жүргізу құқығы берілген.
Бұл өзгерістер сақтандыру брокерлерінің делдалдық қызметін дамытуға және клиенттерінің - сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.