Қазіргі таңда сақтандыру секторының ел экономикасындағы үлесі артып келеді. Сақтандыру компанияларының активтері бір жыл ішінде 18%-ға өсіп, ЖІӨ-нің 1,9% құрап отыр. Қазан айындағы мәлімет бойынша, жалпы мөлшері шамамен 1,2 трлн теңгеге жеткен, деп хабарлады Ranking.kz.
Әсіресе өтімділігі жоғары активтердің өсімі байқалады. Қазан айының соңында олардың жалпы сомасы 897,6 млрд теңгеге жеткен. Яғни жыл басынан бергі өсім – 16,5%. Қазір елдегі сақтандыру нарығында 27 сақтандыру компаниясы жұмыс істейді, оның 7-еуі өмірді сақтандырумен айналысады.
Сақтандыру сыйлықақысы сегментіндегі динамика да оң көрсеткіштер көрсетуде. Қаңтар және қазан айлары аралығында сақтандыру сыйлықақылары түсімінің мөлшері 416,2 млрд теңге болды. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 31%-ға артық. Жан басына шаққандағы сыйлықақы шамамен 22,4 мың теңге. 2018 жылы 17,3 мың болған еді.
Қазақстан Республикасының қаржы секторын 2030 жылға дейін дамыту тұжырымдамасына сәйкес, сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 2-2,5 есеге ұлғаяды. Олардың сомасы ерікті сақтандырумен қамтуды кеңейту есебінен көбейетін болады. Осы жылдың алғашқы тоғыз айында ерікті жеке сақтандыру бойынша түсімдер 64%-ға артып, 170,5 млрд теңге болды.
Табиғат Нұрболат