"120-ға жуық елдің аруы жиналған": Қазақ қызы 4,5 метрлік алтын қанатымен әлемді тәнті етті

Ол ұлттық киімдер көрсетілімінде ерекше бүркіт бейнесіндегі костюммен сахнаға шыққан.

"120-ға жуық елдің аруы жиналған": Қазақ қызы 4,5 метрлік алтын қанатымен әлемді тәнті етті Фото: ЖИ-мен өңделген

Шымкенттік Алина Ри мерейтойлық "Miss Universe – 2026" сұлулық байқауында көрермендер мен сарапшылардың назарын өзіне аударды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Аталған байқаудың 75-маусымына жер-жаһанның 120-ға жуық елінен қатысушы жиналған. 21 қарашада финал алдындағы ұлттық киімдер көрсетілімінде "Miss Qazaqstan 2025" атағының иегері Алина Ри "Алтын бүркіт: Қазақстан рухы" атты образды таныстырған. 

Костюмнің негізгі ерекшелігі – құлашын 4,5 метрге жайған механикалық бүркіт қанаттары. Образ тұжырымдамасы Қазақстанның мемлекеттік туымен үндеседі. Онда аспан түстес көгілдір реңк, алтын күн және еркіндік пен тәуелсіздіктің символы – қыран бейнеленген.

Киімді жасауға кәсіби дизайнерлер жарты жылдан астам уақыт жұмсаған. Ал арнайы әшекейлерді отандық бренд шеберлері қолмен әзірлепті. Костюмнің жалпы салмағы – 30 келі. Оған табиғи қауырсындар мен алтын түсті шілтер қолданылған және 10 мыңнан аса тас қолмен орнатылған. Ұзындығы 5 метр болатын етегі мен ашылатын қанаттары сахнада ерекше көрінеді. 

"Miss Qazaqstan" ұлттық байқауының директоры Рамина Ибрагимованың сөзінше, Алинаның сахнадағы көрсетілімі жоғары деңгейде бағаланған. 

– Алина еліміздің атынан өте лайықты өнер көрсетті. Костюм сахнада ерекше көзге түсіп, мемлекеттік тудың түстерін мінсіз жеткізді, – деді ол.

Қазақстандық арудың өнері шетелдік БАҚ пен әлеуметтік желілерде үлкен қызығушылық тудырды. Алинаның суреті Пуэрто-Рикодағы жетекші газеттердің бірінің мұқабасына да жарияланды.

Халықаралық сарапшылар мен сұлулық байқауларына арналған парақшалар қазақстандық қатысушыны биылғы маусымның фавориттері қатарына қосып отыр. Қатысушыны қолдап, келесі кезеңге өтуіне көмектескісі келетін көрермендерге MU Fan ресми қосымшасы арқылы дауыс беруге мүмкіндік бар. 

Жаңа тәж иегері анықталатын финалдық шоу 24 қарашада Пуэрто-Рикодағы Coliseo de Puerto Rico José Miguel Agrelot аренасында ұйымдастырылмақ. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу