Салоннан автокөлік алған павлодарлық соттың көмегімен сатып алу шартын бұзды

111

Павлодар облысының тұрғыны 2023 жылы ақпанда 19,6 млн теңгеге су жаңа автокөлік сатып алады.    

Салоннан автокөлік алған павлодарлық соттың көмегімен сатып алу шартын бұзды Фото: hdpic.club

Көлік банк кепілдігінде болып, сақтандырылған. Автокөлікке 84 ай немесе 200 мың км жүріс кепілдігі беріледі, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Алайда 2025 жылдың наурыз айында автокөліктің қозғалтқышы істен шығады. Көлік жөндеу орталығына тапсырылып, ұзақ уақыт бойы жарамсыз күйде тұрады.

Көлік иесі сатушы ЖШС-ке бірнеше рет өтінішпен жүгінгенімен, жөндеу жұмыстары толық көлемде аяқталмаған.

Сотқа жүгінген автокөлік иесі ЖШС-ке қарсы талабын қойып, ЖШС-пен сатып алу-сату шартын бұзуды, автокөліктің құнын, өсімпұлды, келтірілген залалды және моральдық зиянды өндіруді сұраған. Көлікті сатушы талапты мойындамай, уақытша пайдалануға басқа автокөлік берілгенін айтады.

Павлодар қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты істі қарау барысында ақаудың кепілдік мерзім ішінде пайда болғанын атап өткен.

Сот Азаматтық кодекс пен "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заң нормаларын басшылыққа ала отырып, автокөлік иесінің сатып алу-сату шартын бұзу және төленген соманы қайтару туралы талаптарын заңды деп таныды.

Сот сатып алу-сату шартын бұзып, ЖШС-тен автокөліктің құны ретінде 19,6 млн теңге және моральдық зиянды өтеу үшін 150 мың теңге өндіріп алды.

Сот актісі заңды күшіне енді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу