Салт атты экспедиция Баянауылда жүр

358

Салт атты экспедиция Баянауылда жүр

Өткен аптада еліміздің Астанасынанбастау алған "Астана – ұлы дала елордасы" атты көпкүндік салт атпен жүріп өту экспедициясы жалғасуда, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Экспедицияшылар қазіргі күні Ақмола облысын басып өтіп Павлодар облысына қарасты Баянауыл ауданына жеткен.

12 маусым күні Астанадан шыққан жігіттер Сарыарқаның сары даласымен жүріп отырып Ақмола облысына қарасты Аршалы, Ерейментау  аудандарын кесіп өтті. 14 маусым күні топ өздерінің 600 шақырымдық жол сапарында көрсетілген үш ұлттық парктің біріншісі Бұйратау ұлттық паркіне жеткен. 

15 маусым күні Павлодар облысының аумағына аяқ басып Әлкей Марғұлан ауылына табан тіреді. Онда шерушілерді ауыл тұрғындары салтанатпен қарсы алып, академик Әлкей Хақанұлының мұражайымен таныстырып, артынан шағын концерт ұйымдастырған. 

Берік Ақылбектің айтуынша, топ Баянауыл ұлттық паркі жолында орналасқан Мәшһүр Жүсіп Көпеев кесенесіне де ат басын бұрған. Әулие басына зиярат етіп, музеймен танысқан. 

"Қазір біз бағытымыздағы екінші межелі ұлттық парк Баянауылдамыз. Жол сапарымыз ойдағыдай өтуде. Жолай кездескен ауылдарда бізді өте жақсы қарсы алуда. Сапар барысында далада түнейміз деп палаткалар алып едік, әзірге оларға түнеп үлгермедік. Аттарымыз шалдықпасын деп күніне 60-70 шақырым жүреміз", – деді топ жетекшісі Берік Ақылбек.

Топ жетекшісі Берік Ақылбектің айтуы бойынша, шерушілер қазір Баянауыл ұлттық паркінің аумағына жататын қасиетті орындармен танысуда.

Естеріңізге сала кетейік, 12 маусым күні "Астана – ұлы дала елордасы" атты көпкүндік салт атпен жүріп өту халықаралық экспедициясы Астанадан бастау алған. 10 адамнан құралған топ Бұйратау, Баянауыл ұлттық парктерін басып өтіп Қарқаралы ауданына атбасын тірейді, турдың жалпы ұзындығы жобамен – 600 шақырым.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу