Салық есептілігін ұсынуды тоқтата тұру тәртібі қандай?

Есеп тапсыруды тоқтата тұрудың жалпы мерзімі үш жылдан аспауы тиіс.  

Салық есептілігін ұсынуды тоқтата тұру тәртібі қандай? Фото: Егемен Қазақстан

Мемлекеттік кірістер комитетінде салық есептілігін ұсынуды тоқтата тұру (қайта бастау) тәртібі туралы түсіндірді.

Қазақстан Республикасы Салық Кодексінің 213-бабының 1-тармағына сәйкес салық төлеушінің салық өтініші негізінде салық есептілігін тапсыруды тоқтата тұруға, есеп тапсыру уақытын ұзартуға немесе салық есептілігін тапсыруды қайта бастауға құқығы бар.

Мұндай шешім қабылданған жағдайда, қызметті тіркеу орны бойынша салық төлеуші (салық агенті) мемлекеттік кірістер органына салық өтінішін ұсынады.

"Алдағы кезеңге қызметті тоқтата тұру туралы шешім қабылданған жағдайда салықтық есептілік және салықтық өтініш ұсынылады. Қызметті тоқтата тұру туралы салықтық өтінішті салық есептілігімен бір мезгілде ұсынып немесе есептіліктен кейін беруге болады.

Егер кезекті есеп мерзімі қызметті тоқтата тұру туралы салық өтініші табыс етілгеннен кейін басталса, онда мұндай есептілікті табыс ету салық өтініші берілген күнге дейін жүргізіледі", – деп хабарлады ведомствода.

Есеп тапсыруды тоқтата тұрудың жалпы мерзімі Салық Кодексінің 48-бабында белгіленген үш жылдан аспауы тиіс.

Бұл мерзім аяқталғанға дейін, қызметті қайта бастау туралы шешім қабылданған жағдайда, салықтық өтініш беріледі.

Мемлекеттік кірістер органы салық өтінішін алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде салық есептілігін тапсыруды тоқтата тұруға (ұзартуға, қайта бастауға) немесе одан бас тартуға міндетті.

Салық төлеушінің (салық агентінің) салық есептілігін ұсынуды тоқтата тұруына мына жағдайларда жол берілмейді:

1) өтініш берілген күнге салық берешегі, әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі болса;

2) мыналарды ұсынбау фактілері болса:

- талап қою мерзімін ескере отырып, салық есептілігін;

- қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қоюға салық өтінішін;

3) салық органымен әрекетсіз деп танылса;

4) салық органы жіберген хабарламаларды орындамаса.

Заңды тұлға үшін қызметті тоқтата тұру туралы шешімді құрылтайшылар жиналысында немесе Компанияның жалғыз құрылтайшысы қабылдайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу