2017 жылдың қаңтар-мамыр айларында ұлттық қорға салық пен төлемдерден 987,8 млрд теңге түсті, деп хабарлайды qazaqtimes.com.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, бұл көрсеткіш бір жыл бұрын 547,6 млрд теңгені құраған. Яғни биыл қаржы түсімі 80,4%-ға өсіп отыр екен. Түсімдердің көп болуы әдеттегідей мұнай секторындағы жағдаймен байланысты.
Сонымен мұнай саласындағы ұйымдардан түскен салық 71,6%-ға артып, 62,9 млрд теңгені құрады. Ал пайдалы қазбаларды қазумен айналысатын ұйымдардың төлеген салығы 3,2 есеге өсіп, 145,8 млрд теңгеден 473,5 млрд теңгеге дейін артқан. Сондай-ақ, экспортталатын шикі мұнай мен газ конденсатынан рента салығы көбейген. Мысалы 2016 жылдың қаңтар-мамыр айында рента салығы бойынша 28,2 млрд теңге түскен, ал осы жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 94,3 млрд теңге болды (3,3 есе өсім). Бұдан бөлек табиғат ресурстарын пайдаланушы мұнай газ секторы ұйымдарының залалдар үшін төлеген төлемдері 19 млрд теңгеге жетті, өткен жылы 4,3 млрд теңге ғана болған (4,3 есе өсім). Алайда орталық мемлекеттік органдар тарапынан мұнай саласына салынатын әкімшілік салықтар, өсімпұлдар, санкциялар саны көбейген. 2016 жылдың алғашқы бес айында төлемнің мұндай түрлері 37,5 млн теңгені құраса, осы жылы 3,2 млрд теңге болған, яғни қаржы көлемі 85,1 есеге өскен.
Айта кетейік, ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы дәстүрлі жолдауында "Ұлттық қордан алынған кепілдендірілген трансферт көлемі 2020 жылға қарай кезең-кезең бойынша 2 триллион теңгеге қысқартылуға тиіс", деп мәлімдеген. Ал кейін президент банк секторын сауықтыру үшін ұлттық қордан ақша бөлу туралы қаулыға қол қойды.