Салық рақымшылығының аяқталуына аз уақыт қалды

1748

Қарыз төленсе, өсімпұлдар автоматты түрде есептен шығарылады. 

Салық рақымшылығының аяқталуына аз уақыт қалды

Елбасы шағын және орта бизнес өкілдері салық берешегін төлеген жағдайда өсімпұлдар мен айыппұлдарды шегеру рақышылығын жасауды тапсырған болатын.

Осы орайда, Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев "Салық рақымшылығы, онлайн БКМ және патент қолдану тәртібі" тақырыбында өткен баспасөз конференциясында салық төлеушілер негізгі борышын жылдың соңына дейін өтеуге құқылы екенін айтты.

"Негізгі қарыз төленген жағдайда, салық төлеушілер 2018 жылдың 1 қазанына дейін есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдар және қарызы төленген күнге дейінгі есептеген өсімпұл есептен шығарылады. Салық төлеуші негізгі қарызын жылдың соңына дейін төлеуге құқылы. Алайда бұл рақымшылыққа жер қойнауын пайдаланушылар, акцизді тауарларды өндірушілер, мониторингке жататын ірі салық төлеушілер тәрізді түсімі жоғары экономика саласында қызмет істеп жүрген салық төлеушілердің кейбір санаттары жатпайды. Салық рақымшылығын 2018 жылдың 1 қазанына дейін берешегі болған, айтылған күнге дейін тексеру нәтижесінде шағым түсірген және қосымша салық есептіліктерін тапсырған салық төлеушілер пайдалануға құқылы",– деді МКК төрағасының орынбасары.

Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев тамыз айында жеке тұлғаларға да салық рақымшылығы басталғанын айтты.

"Өсімпұл мөлшері салық төлеу мерзімін өткізіп алған азаматтардың жағдайын қиындатуда. Өткен жылдар үшін салықтық міндеттемелерінің негізгі берешегін төлеген жағдайда, салық рақымшылығы аясында азаматтарымызың өсімпұлдары шегерілетін болады. Сол себепті, өткен салықтық кезеңдер үшін жиналған қарызы бар адамдар жыл соңына дейін негізгі берешегін өтеп, рақымшылықты пайдалана алады. Бұл ретте өсімпұлдарды мемлекеттік кірістер органы автоматты түрде есептен шығарып тастайды",–  деді Мемлекеттік кірістер комитеті өкілі.

Салық рақымшылығы жыл соңына дейін жалғасады. Өзіңіздің салықтық берешегіңіздің бар-жоғын білгіңіз келсе, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің интернет ресурсында "Салықтық берешектің бар/жоғы туралы ақпарат" сервисі немесе электронды үкімет порталында білуге болады.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу