Салық төлемегендердің қарызы 5 млрд теңгеге жеткен

407

Көлік салығын төлемегендер жүген ұстап, жаяу қалады.

Салық төлемегендердің қарызы 5 млрд теңгеге жеткен Фото: Ашық дереккөзден

Алматылық автокөлік иелерінің салыққа берешегі 5 миллиард теңгеге жеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қалалық полиция жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасымен бірлесе "Борышкер" жедел-алдын алу іс-шарасын өткізуге кірісті. Жауаптылар дерегінше, салық үшін белшеден берешек болғандар арасында анау-мынау емес Porshe Cayenne, Toyota Land Cruiser, санаты супер саналатын Mercedes-Benz мінгендер де бар болып шықты.

Алматылық полицейлер мегополис жүргізушілерін қатаң тексеруге кірісті. Себебі, шаһарда "Борышкер" іс-шарасы өтіп жатыр. Оның барысында салықтан жалтарып, айыппұл төлемей жүрген жүгенсіз жүргізушілер анықталады.

Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, Алматы қаласы бойынша көлік салығы бүгінгі күні 5 миллиард теңгеге жеткен. Оның бір жарым миллиарды соңғы жылдағы өтелмеген салық сомасы.

Алматы қаласы бойынша көлік салығы бойынша қарыз бүгінгі күні 4,9 млр құрап отыр. Бұл 55 мың салық төлеуші бойынша. Осы қарызды өндіру мақсатында бірлескен шаралар жүргізілуде. - Қуаныш Түменбаев  Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы.

Мамандардың айтуынша, аталған іс-шара оң нәтижесін беруі тиіс. Шара басталған бір аптаның ішінде-ақ қала бюджетіне 10 миллион теңге салық түсіп, отыз шақты автокөлік айып тұрағына жеткізілген.

“Бүгінгі күнде осы шаралар нәтижесінде, бір аптаның ішінде 80 астам көлік тоқтатылып, оның 50-і тоқтатқан жерде салықтарын төлеп тастады, 30 автокөлік айыппұл тұрағына жіберілді. Бюджетке осы бір аптаның ішінде 10 млн теңге қарыздар түсті”, - деді Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Қуаныш Түменбаев.   

Ал, темір тұлпар тізгіндегендер салық төлеуден жалтармаймыз,- дейді. Бірақ кейде қаражаттан қиналып қалатынын айтады. Оның үстіне ара-тұра келіп тұратын айыппұлдар да бар.

“Өйткені қазір жағдай қиындап кетті бізде. Өйткені өзім таксовать етемін. Жұмыс жоқ, жұмыста зарплата жетпейді. Кредиттеріміз бар, оған ешкім кінәлі емес қой енді. Штрафқа түсеміз. Машина сынады, оған ақша саламыз. Штрафқа жетпей қалады. Солай қалып қалып жатыр да оның бәрі. Сөйтіп-сөтіп қалады”, - деді Алматы қаласының тұрғыны Еркін Дұмыш.

Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаменті автокөлік иелеріне айыппұл мен салықты уақытымен төлеуге кеңес береді. Олай болмаған жағдайда өтелмеген қарыздың әр күніне өсімпұл қосылып, сот орындаушының шығындарын өтеуге міндеттеледі.

“Сонымен қатар айыппұл автотұрақтарына әрбір күнге ақысын төлеу керек болады. Осыған байланысты салық төлеушілерді салықтарды уақытылы төлеуге шақырамын”, - деді Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Қуаныш Түменбаев.

Өтелмеген салық берешегіңізді "Е-Salut-Azamat" мобильді қосымшасының көмегімен тексеруге болады. Сондай-ақ ресми www.kgd.kz сайты да жұмыс істеп тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу