Қазақстанда бүгінде "Egov mobile" және "Egov Business" мобильді қосымшаларында салық және кеден саласындағы 15 мемлекеттік қызмет бар. Сондай-ақ, бірқатар мемлекеттік қызметтер мен электронды қызметтер "e-Salyq Azamat" және "e-Salyq Business" мобильді қосымшаларында қолжетімді. Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мемлекеттік қызметтерді дамыту және сапасын бақылау бөлімінің басшысы Сенжан Дүйсекенова мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазіргі таңда, халық мемлекеттік қызметтерді онлайн режимде алу мүмкіндігі туралы оң пікірде. Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік Кірістер Департаментінде өткен 2023 жылы барлығы 1 078 335 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның 1 286-сы немесе 0,1%-ы қағаз жүзінде, ал электронды түрде – 1 077 049 немесе 99,9%-ы болды.
"Жалпы алғанда, электрондық форматқа аударылған 39 Мемлекеттік қызметтің келесі 15-і "Egov mobile" және "Egov Business" мобильді қосымшаларында қолжетімді. Соның ішінде, дара кәсіпкердің мәртебесін тексеру, салық есептілігін қарау және салықтарды төлеу, дара кәсіпкер ретінде қызметтің басталғаны туралы хабарлама, салық төлеуші ретінде қызметтің басталғаны және тоқтатылғаны туралы хабарлама қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыру және тағы басқалары бар. Сонымен қатар, жалпыға бірдей декларациялау шеңберінде "Egov mobile"-да тиісті декларацияны ұсыну бойынша қызмет іске асырылды. Сондай-ақ, салық төлеушілердің салық міндеттемелерін орындауын жеңілдету үшін "E-Salyq Azamat" және "E-Salyq Business" арнайы мобильді қосымшалары жұмыс істейді. Онда 11 сервис және 2 мемлекеттік қызмет іске қосылған", - делінген хабарламада.
Кәсіпкерлерге ыңғайлы болу үшін 910.00 нысанындағы "Салық есептілігінің нысандарын беру" Homebank және Kaspi.kz мобильді қосымшаларында, жеке кәсіпкерді тіркеу, жеке кәсіпкердің деректемелерін өзгерту, салық берешегі сияқты қызметтерде жүзеге асырылады, сондай-ақ, көлік және мүлік салығы, жеке кәсіпкер үшін төлемдер және т.б. бар.
Бұдан басқа, "Бюджетпен, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер бойынша есеп айырысулардың жай-күйі туралы дербес шоттан үзінді көшірмелер беру" және "Мемлекеттік кірістер органдарында есепке алу жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтерді ұсыну" қызметтері, сондай-ақ кейбір сервистер Smart Bridge-ге және Мемлекеттік кірістер комитетінің порталына kgd.gov.kz шығарылды.
Жалпы, Мемлекеттік кірістер органдары жеке және заңды тұлғаларға 43 Мемлекеттік қызмет көрсетеді, оның 26-сы салықтық және 17-сі кедендік бағыттағы қызметтер. Бүгінгі таңда, 43 Мемлекеттік қызметтің 39-ы (немесе 91%-ы) электрондық форматқа ауыстырылды.