Елімізде тіршілік көзін тауып, нәпақа табуға шетелдіктерге заң жүзінде ешқандай шектеу қойылмаған. Тек бір ай немесе бір жыл мерзімге тіркеуге тұрып, табысынан екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде (4538 теңге) салық төлеп тұрса болғаны. Алайда, келімсектің бәрі бұл заңға бағына бермейтін болып тұр. Бұл туралы abctv.kz тілшісі хабарлайды.
Жалпы, Жамбыл облысында жыл басынан бері заң бұзған 1240 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, 159 мигрант сот шешімімен өз елдеріне қайтарылған. Ал табысын жасырған шетелдіктер мен оларды тіркеуден өткізбестен жұмыс істетіп отырған отандастарымызға да әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 519-бабы бойынша 30-50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы тиіс.
Ал заңсыз көші-қонға қарсы күрес жөніндегі арнайы жеке ротасының арнайы тобы ұйымдастырған рейд барысында бір күннің ішінде 273 шетелдіктің облыста заңсыз жүргені анықталды. Олардың 271-і ТМД азаматтары болса, екеуі алыс шетелден екен. Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін бес қылмыстық іс қозғалды. Оның екеуі шекараны қасақана бұзса, екеуі сот шешімін орындамаған, біреуінің заңсыз көші-қон ұйымдастырғаны анықталып отыр. Жалпы, шетелден жұмыс күшін тарту ережесін бұзған 15 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Арнайы рейд кезінде ұсталған қарақалпақстандық Айшинияз Назаров Қазақстанда былтырдан бері жұмыс істеп жүргенін, бірақ, аталған заңды білмейтінін айтып ақталды. Тіркеуге тұрып, салық төлемеу себептерін келімсектердің көпшілігі заңды білмейтінімен түсіндіреді. Осы орайда атқарушы органдар тарапынан тиісті жұмыстың салғырт жүргізіліп жатқаны байқауға болады.