Салық органдары қазақстандықтардың шетелдегі шоттарын тексере бастады

166

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне сенсек, шетелдік салық органдарынан алынған ақпарат негізінде 2 мыңнан астам Қазақстан азаматы тексерілген, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Салық органдары қазақстандықтардың шетелдегі шоттарын тексере бастады Фото: canva.com

Осылайша, 1 602 қазақстандық жеке табыс салығын төлеп, 5,4 миллиард теңге аударған.

"Түсімдердің ең көп бөлігі, соның ішінде дивидендтер мен сыйақылар түріндегі табыстар, БАӘ, Ұлыбритания, Қытай Халық Республикасы, Түркия және басқа елдерге тиесілі", – делінген хабарламада.

Қазақстандықтар офшорлық аймақтардағы банктік шоттарында 1,4 миллиард теңге ұстап отырғаны айтылды.

"Бүгінде азаматтарымыздың офшорлық юрисдикцияларда ашылған банктік шоттарындағы қаражаттың жалпы сомасы 1,4 миллиард теңге болды. Ең үлкен сома мына елдерге тиесілі: Панама Республикасы – 1,2 миллиард теңге, Вануату – 0,2 миллиард теңге, Сан-Марино – 0,1 миллиард теңге және басқа елдер", – делінген хабарламада.

Қазақстанның CRS аясындағы ынтымақтастық географиясы кеңейгені атап өтілді.

"Егер 2021 жылы деректермен алмасу 51 юрисдикциямен жүргізілсе, 2024 жылы олардың саны 89-ға жетті, оның ішінде 26 офшорлық ел бар. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) әзірлеген бұл механизм капиталды заңсыз шығарумен күресудің маңызды құралы және шетелде шоты бар қазақстандықтардың кірісіне тиімді салық салуға көмектеседі", – деп көрсетілген ақпаратта.

Common Reporting Standard (CRS) – бұл салық төлеуден жалтару мақсатында офшорлық аймақтарды пайдаланумен күресу және қаржылық ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету үшін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) жасаған стандарт.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу