Самар ауданында мектептің төбесі майысып тұр

359

Мектепте сабақ күзден бастап тоқтатылған. 

Самар ауданында мектептің төбесі майысып тұр Фото: Inbusiness.kz

Шығыс Қазақстан облысындағы Самар ауданы Самар бастаушы мектебінің ғимараты күзден бері қаңырап бос тұр. Себебі білім ошағының төбесі майысып, іргетасы жарылып кеткен. Қазір оқушылар басқа білім мекемесіне көшірілген. 

Самар бастаушы мектебінің іргесі 1957 жылы қаланған. Содан бері жөндеу көрмеген білім ордасының 2013 жылы ғана шатыры ауысқан. Одан басқа күрделі жөндеу көрмеген. 

"Қазір 76 бала білім алуда. Бастаушы мектебінің өзі жарамсыз деп танылғанынан бөлек, санитарлық талап сақталмаған. Кейде бір сыныпта 18 бала отырады, яғни кабинет ішіндегі кеңістік тарылады. Медицина жағынан кемшіл тұсы бар. Мектепте бір ғана процедуралық кабинеттің болуы оқушылардың толыққанды қаралуына мүмкіндік бермейді. Ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізу керек. Жаңа мектеп салып берсе тіпті жақсы болар еді" , – деді мектеп директоры Айжан Нұриева.

Самар ауылында жалпысы үш мектеп бар. Оның біреуі осы бастаушы мектеп. Қазіргі таңда Самар бастаушы мектебінің оқушылары №1 мектепке көшірілген. Екі ауысыммен оқиды. 

Мектептің ішін аралап көрдік. Күрделі жөндеуді қажет ететіні көзге көрініп тұр. Сыртқы іргетасы мен ішкі қабырғаларында жарық бар. Соған қарағанда қыста суық көрінеді. 

Аталған мәселеден облыстық білім басқармасы хабардар. Тіпті облыс әкімі де өз көзімен көріп қайтқан болатын. 

"Жобалық-сметалық құжаттама әзірленуі тиіс. Сол арқылы қаржы бөліп, жақсылап жөндеп беру керек. Барынша тездеткен жөн" , – деді аймақ басшысы Ермек Көшербаев.

Ауыл тұрғындары да ескі нысанның орынына жаңа мектеп бой көтергенін қалайды. Бірақ ол ойлары нақты қашан іске асатыны әзірге белгісіз. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу