"Самара-Шымкент" автомобиль жолының Қызылорда аумағындағы бөлігі жөнделеді

314

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстанда ірі автожолдар жобасын қаржыландыруға және жүзеге асыруға мүдделі Біріккен Араб Әмірліктерінен келген Al Badie Group for Trading & Investment LLC компаниясының өкілдерімен кездесті.  

"Самара-Шымкент" автомобиль жолының Қызылорда аумағындағы бөлігі жөнделеді Фото: gov.kz

Бас қосуға аталған компанияның бас директорының орынбасары Алькамас Ясин Таха Мохамед Шитпен, Қазақстан бойынша бас директордың орынбасары Наркес Бегалиева, өңірлік директор Арман Абдымананов, даму жөніндегі директор Алексей Новиков пен жауапты сала басшылары қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Кездесуде Қызылорда облысы аумағындағы республикалық маңызы бар "Самара-Шымкент" автомобиль жолын жөндеу мәселесі талқыланды. Аймақ басшысы алдағы жоспарларға тоқталды.

"Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері - ұзақ жылдар бойы ашық және сенімді қарым-қатынас орнатқан стратегиялық серіктестер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2023 жылғы 10 қазандағы облысымызға сапары кезінде "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық дәлізінің Ақтөбе қаласына дейінгі аумағын I санатқа ауыстыру жөнінде тапсырма берді. Республикалық маңызы бар "Самара-Шымкент" автомобиль жолының 810 шақырымы Сыр өңірінен өтеді, Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейін 566 шақырым. Бұл бағытта 5 аудан мен Байқоңыр қаласы, 320 мың халқы бар 119 елді мекен орналасқан. Аталған жоба осы жылдың соңында басталады деп күтілуде. Өңір халқы үшін бұл жобалардың маңызы зор, іске асқанда әлеуметтік-экономикалық дамуға оң септігін тигізеді. Сіздерге перспективалық жобаларды іске асыруда мүмкіндігінше жан-жақты қолдау көрсетеміз. Біздің өңірге жасаған сапарыңыз Қызылорда облысы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы достық байланысты одан әрі нығайтатынына сенімдімін", - деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Бас қосуда Алькамас Ясин Таха Мохамед Шитпен бірлесіп жұмыс жасауға мүдделі екенін айтып, жобаның сәтті жүзеге асырылуына тілектестігін білдірді.

Қызылорда облысы аумағында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы – 3580,5 шақырым. Оның 1014 шақырымы - республикалық, 555 шақырымы - облыстық, 2011 шақырымы - аудандық маңызы бар автомобиль жолдары. Өткен жылы жол инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен 38,5 млрд. теңге бөлініп, 671 шақырым жолдар, көшелер және көпір өткелдері жөндеуден өтті. Осылайша облыстағы жақсы жағдайдағы жолдың үлесі 87,5 пайызға жетті. Қазір республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 247 шақырым жолдар жөндеуден өтеді деп жоспарлануда.

2022 жылдан бері "Қызылорда-Жезқазған" республикалық маңызы бар автомобиль жолы қайта жаңғыртудан өтуде (424 шақырым). Оның Қызылорда облысына тиесілі аумағы - 216 шақырым. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 6 лотқа бөлінген. Жобаның құны - 108,5 млрд. теңге. Бүгінде жолдың 104 шақырымы асфальтталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу