Самарқандта БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы өтеді

556

Әлемнің 160 елінен туристік бизнес өкілдері келеді.

Самарқандта БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы өтеді Фото: eadaily.com

Самарқандта 16-20 қазан аралығында БҰҰ Дүниежүзілік Туристік Ұйымы (UNWTO) Бас ассамблеясының 25-ші сессиясы өтеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz Өзбекстан Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, іс-шара туризм саласында жұмыс істейтін мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың басшыларын және әлемнің 160-қа жуық елінен келген туристік бизнес өкілдерін біріктіреді.

Самарқандқа Сауд Арабиясы, Албания, Әзербайжан, Багам аралдары, Бахрейн, Гватемала, Гаити, Кот-д'Ивуар, Индонезия, Монако, Нигер, Панама, Португалия, Сьерра-Леоне, Украина, Уругвай мен Йемен өкілдері келеді деп күтілуде.

Ведомствода атап өткендей, Өзбекстан 2023-2027 жылдарға арналған ЮНВТО Атқарушы кеңесінің өкілеттіктері комитетінің құрамына қабылданды. Бұл республикаға UNWTO Атқарушы кеңесі қабылдаған шешімдер мен құжаттардың түпнұсқалығы мен сақталуын бақылау өкілеттігі жүктелгенін білдіреді.

"Өзбекстанда Бас Ассамблея сессиясын өткізу еліміздің әлемдік аренадағы беделін арттыруға, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық аясын одан әрі кеңейтуге, елдің мәдени және туристік әлеуетін ілгерілетуге жаңа мүмкіндіктер ашады", - делінген өзбек Мәдениет министрлігінің хабарламасында.

Бас Ассамблеяның 25-ші сессиясы шеңберінде туризм саласындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланатын болады. Бағдарламада екі форум қарастырылған — инвестициялық және білім беру.

Біріншісінде елге мақсатты және атаулы инвестицияларды тарту, Өзбекстанның барлық өңірлерінде инвестициялық әлеуеті жоғары нысандарды, аумақтарды, жобаларды таныстыру бойынша іскерлік келісімдер жасасу күтіледі.

Екіншісінде туристік сектордағы білім беру жағдайы, орта, жоғары және басқарушылық білім беру саласындағы соңғы әзірлемелер, инновациялық білім беру құралдарының жиынтығы мен халықаралық тұрақты туризм саласындағы жаңа пәндерге оқыту көрсетіледі.

Сонымен қатар, іс-шарада жылдың ең жақсы туристік ауылдары (Best Tourism Villages) жарияланады. Ол үшін дәстүрлі өмір салты мен халықтың құндылықтарын сақтай отырып, аймақтың экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ететін дамыған туристік инфрақұрылымы бар әлемнің түкпір-түкпірінен туристік ауылдар таңдалады.

Өзбекстан Мәдениет министрлігінде атап өткендей, бұл байқауға республиканың бірнеше туристік ауылдары да қатысады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу