Самарлық оқушылар дене шынықтыру сабағын дәлізде өткізуге мәжбүр

438

Шығыс Қазақстандағы Әлия Молдағұлова атындағы мектептің оқушылары дене шынықтыру сабағын дәлізде өткізіп жүр.

Самарлық оқушылар дене шынықтыру сабағын дәлізде өткізуге мәжбүр Фото: Inbusiness.kz

Оған спорт залға сапасыз жасалған жөндеу жұмыстары себеп болып отыр. Мектеп басшылығы мен мердігер арасында осыған дейін 2 рет сот болған. Бірақ еш нәтиже жоқ. Енді оқу ордасы  жөндеу жұмысын басқа мердігерге жасату мақсатында байқау жариялап, құжаттарын әзірлеп жатыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Самар ауданындағы Әлия Молдағұлова атындағы мектеп. Спорт залы былтыр жазда жөнделген. Қабырғасы боялып, есік-терезелері мен едені ауыстырылған. Даудың басы дәл осы еденнен басталған. Су күйінде салынған тақтайлар кепкен соң ісініп, қопарылып шыға келген. Өзге де кемшіліктер жетерлік. Тіпті мердігер компания жұмысшылары залдан сыртқа шығатын бұрынғы есікті ауыстыру кезінде кішірейтіп салып кеткен. Ал ол өрт қауіпсіздігі үшін мүлдем талапқа сай келмейді. Соның салдарынан спорт зал есігі қыркүйек айынан бері жабық тұр.

"Мұнда үнемі саптық даярлықты өткіземін. Жасөспірімдер мен қыздарға арналған "Алау" ойындарына дайындаламыз. Қазір қаншама уақыттан бері мүлдем дайындала алмай отырмыз", - дейді Әлия Молдағұлова атындағы орта мектептің мұғалімі Виктор Овченников.

Мектептің іргетасы өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қаланған. Қазір жетпістен астам оқушы білім алады. Мұнда шағын орталық та бар. Онда 20 бала тәрбиеленуде. Бүлдіршіндердің қауіпсіздігі үшін спорт зал жабылған соң, былтырғы күзден бері балалар спорт сабағын дәлізде өткізіп жүр.

"Балалардың қауіпсіздігі. Қазір спорт залда жұмыс істей алмайды. Ойнай алмайды. Волейбол ойнау керек. Кішкентайлары футбол ойнау керек деген сияқты. Қыста міне кішкентай балалардың сабақтары өтпей қалып жатыр", - дейді Миролюбовка ауылының тұрғыны Сақпан Келемесов.

Мектеп директоры мердігер жұмысына қатысты талай рет ескерттік дейді. Бірақ оны елеген құрылысшылар болмаған көрінеді. Екі жақты дау созылып, ақыры іс сотқа жеткен. Бірінші сот істі мектеп директорының пайдасына шешсе, екінші сотта мердігердің дегені болған. Бірақ екі жақты жасалған келісім шарттың уақыты аяқталуына байланысты талап арыз берушілер енді ештеңе істей алмайтындарын айтты. Сондықтан қайта байқау өткізіп, өзге құрылысшыларды іздеуден басқа амалдары қалмады.

"Байқау жариялау үшін жаңадан смета дайындадық. Сметаның құны 10 миллион. Енді осымен қайтадан конкурсқа шығып, жаңа мердігерлермен келісім шартқа отырамыз. Оған екі айдай уақыт кетеді. Қай мердігер ұтып алады, сол ана спорт залдың жұмыстарын смета бойынша ары қарай жалғастырады", - дейді Әлия Молдағұлова атындағы орта мектептің директоры Жанат Жұмаханова.

Айта кетейік, былтыр жасалған жұмыс үшін өткізілген байқаудың құны 11 миллион теңге болған. Оны Самар ауданындағы кәсіпкер 6 млн 880 мың теңгеге ұтып алған. Алайда сол жасалған жұмыстың қанша ақшасын төлеуге болатынын білу үшін мектеп директоры сараптама жасатпақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу