Алматы әкімдігі самса сататын дүңгіршектердің бірінде ілулі тұрған даулы жарнаманы алып тастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қалалық әкімдік жарнаманы желідегі тұрғындардың шағымынан кейін байқаған.
Ақпаратқа сәйкес, көптің ашуына тиген жазуы Алатау ауданында орналасқан тамақтану орнында ілінген.
"Аудандық әкімдіктің мамандары Шоған абыз көшесі, 406/1-үй мекенжайында орналасқан қоғамдық тамақтану орнының көрнекі ақпараттарына мониторинг жүргізді. Кәсіпкерлік субъекті қызметкерлеріне деректемелер мен көрнекі ақпараттардың тілі және тұтынушыларға қызмет көрсету барысында тілдердің қолданылуы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмек көрсетілді. Нәтижесінде әдеби тіл нормаларына сай емес көрнекі ақпарат алынып тасталды", – делінген хабарламада.