Астанада "Самұрық-Энерго" АҚ мен Азия даму банкі (АДБ) арасында жалпы сомасы 80 млн АҚШ доллары көлемде кредиттік келісімдер жасалды. Заем теңгеде беріледі, оның көлемі шамамен 30 миллиард теңгеге сәйкес келеді, деп хабарлайды Самұрық-Қазына"-ның қоғаммен байланыс және маркетингтік коммуникациялар департаменті.
"Самұрық-Энерго" өзінің кредиттік портфелін оңтайландыру мақсатында өткізген маңызды мәміле ірі қазақстандық энергетикалық холдинг пен беделді халықаралық қаржылық даму институты арасындағы ұзақ мерзімді және берік әріптестікті ресми түрде бекітті. АДБ үшін Самұрық-Энергомен жасалған келісімдер Қазақстандағы алғашқы және бірегей тәжірибе. Себебі кредиттер ұлттық валютада беріледі. Қаржыны жалпы корпоративтік мақсаттарға, тиімділікті арттыруға және қаржылық көрсеткіштерді жақсартуға бағыттау жоспарланған.
Құжаттарға қол қою рәсімі "Самұрық-Энерго" АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Жоламановтың, АДБ Орталық, Оңтүстік және Батыс Азия бойынша инфрақұрылымдық қаржы жөніндегі операциялық департаментінің директоры Шантану Чакрабортидің, сондай-ақ "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Бейбіт Қарымсақовтың қатысуымен өтті.
Бақытжан Жоламановтың сөзінше, АДБ секілді аса ірі даму институтынан кредиттік қаржының тартылуы "Самұрық-Энерго" АҚ-ның инвесторлық базасын кеңейтуге және нығайтуға септігін тигізеді. Бұл жалпы банк пен нарық тарапынан білдірілген жоғары сенім деңгейінің көрсеткіші болып табылады, сондай-ақ "Самұрық-Энергоның" халықаралық қаржы ұйымдарының қатаң талаптарына сәйкес келетінін растайды.