"Самұрық-Қазына" қоры 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында 12,5 трлн теңге кіріс тапты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл жоспарланған көрсеткіштен 5%-ға жоғары.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен "Самұрық-Қазына" АҚ директорлар кеңесінің отырысы өтіп, онда Қордың өндірістік және қаржылық нәтижелері, сондай-ақ отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері қаралды.
Қор басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, есепті кезеңде EBITDA көрсеткіші 3,4 трлн теңгеге жетіп, жоспардан 7%-ға артқан. Ал таза пайда 1,2 трлн теңгені құрап, жоспарлы көрсеткіштен 4%-ға жоғары болды.
– Сатып алулар арқылы отандық тауар өндірушілерді қолдау және отандық өндірісті дамыту шеңберінде Топ компаниялары жыл басынан бері жергілікті тауар өндірушілермен 694 млрд теңгеге келісімшарттар жасады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32%-ға көп. Сатып алу жүйесінде отандық өндірушілерді қолдаудың 16-дан астам шарасы қолданылады. Оның ішінде қазақстандық тауарларға басымдық беру, ұзақмерзімді шарттар жасасу, 30% мөлшерінде міндетті аванс беру және жедел төлем жүргізу тетіктері бар, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар жеті айда 52,8 млрд теңгеге офтейк-келісімшарттар жасалған. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар портфеліне жалпы құны 13,9 млрд теңге болатын 55 жоба кірді. Оның жетеуі аяқталған.
Отырыста Олжас Бектенов инвестициялық жобаларды уақытында іске асыру және Топтың сатып алу жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша бірқатар тапсырма берді.