"Қордың миссиясы – экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Сонымен қатар, Қазақстан халқының мүддесі үшін әртараптандырылған активтер портфелін тиімді басқару және кәсіпкерлікті қолдау. Стратегия аясында алдағы жеті жылда қор белсенді инвесторға айналмақ", – деді спикер.
Оның айтуынша, мемлекеттік холдинг еңбек өнімділігін бір жарым есе және таза активтер құнын екі есеге арттырмақ. Бұл ретте Бердіқұлов қор жеке бизнесті бірлесіп инвестициялауға шақыратыны атап өтті.
Ірі жобалар ретінде спикер "Бейнеу-Жаңаөзен" газ құбырының екінші тармағының құрылысын, "Достық-Мойынты"теміржол учаскесін жаңғыртуды атады.
"Біз басым жобалардың екінші тізімін талқылаудамыз. Бұған полипропилен, бутадиен және басқа жобалар кіреді. Сондай-ақ газ-энергетикалық инфрақұрылымды дамыту бойынша қосымша жобалар бар. Оның ішінде АЭС құрылысы, ұлттық электр желісін жаңғырту, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жаңартылатын қуат көздерін энергетикалық теңгерімге енгізу жұмыстары бар", – деді Бердіқұлов.
Бұдан басқа, келешегі зор жобалардың тізіміне 5G, транскаспийлік ТОБЖ төсеу, күкірт қышқылы зауыттары, жел электр станциялары кіреді. Сонымен бірге, спикердің айтуынша, көлік-логистикалық жобалар мен газ инфрақұрылымының коммерциялық тартымдылығына қатысты сұрақтар әлі де бар.
"Бәрі тарифтерге байланысты. Мәселен, бүгінде біз "Қазақгаз" компаниясымен бірлесе отырып, тарифтерді кезең-кезеңімен көтеруді қолға алып жатырмыз. Ішкі нарыққа газ жеткізу рентабельді емес, ал шығын экспорт есебінен жабылады", – деді қордың стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры.