"Самұрық-Қазына" басшысы Президенттің сынына жауап берді

1605

Басшы қордың жұмысын ашық жүргізуге дайын екенін жеткізді.

"Самұрық-Қазына" басшысы Президенттің сынына жауап берді

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Алмасадам Сатқалиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін Facebook-те жазба жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ол реформалау бағдарламасына нақты, әрі тиімді ұсыныстар бере алатын азаматтармен диалог орнатуға дайын екенін, компания барлық сауалға жауап беретінін атап өтті.

"Ашықтық пен есептілік, бизнес үшін кедергілерді жою, әлеуметтік жауапкершілік пен жемқорлыққа қарсы күрес басты қағидаттар ретінде белгіленді. Қазақстан азаматтарына ұлттық байлықты әділ бөлу элементі ретінде қор активтеріне иелік етуге тікелей қатысу мүмкіндігін беру, менің ойымша, бетбұрысты кезең болады", – деп жазды Алмасадам Сатқалиев әлеуметтік желіде.

Оның айтуынша, қор бизнес процестер мен компаниялар тобында корпоративтік басқару тәжірибесін реформалауға, мұнай, газ, көмір, теміржол көлігі, электр энергетикасы және телекоммуникациялар нарығында өзара қарым-қатынас құрылымын өзгертуге бағытталған бірқатар теңдессіз шара ұсынып отыр.

Сатып алулар жүйесін түбегейлі өзгертіп, отандық тауар өндірушілер мен шағын және орта бизнесті қолдау тетіктерін күшейту жоспарлануда.

Қор басшысы аталған мәселелер 26 қаңтарда ашық диалог форматында бизнес қауымдастықпен талқыланатынын айтты. Осыған байланысты әлеуметтік желілерде онлайн трансляция жүргізіледі.

"Біздің бағдарлама бекітілген жағдайда, мен оны сәтті енгізуге және орындауға дайынмын", – деді қор басшысы.  

Қазақстандықтар қорды реформалауға қатысты ұсыныстарын корпоративтік поштаға usynys@sk.kz жолдай алады.

Айта кетейік, осыған дейін Мемлекет басшысы "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының жұмысын сынға алған еді. Ол қордың жұмысы ашық жүргізілмейтінін, сатып алулар жүйесі тиімсіз екенін айтқан болатын.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу