"Самұрық-Қазына" мемлекетке 170 млрд теңге дивиденд төлемек

826

Былтыр қорының таза пайдасы 1,6 трлн теңгені құрады.

"Самұрық-Қазына"  мемлекетке 170 млрд теңге дивиденд төлемек Фото: Максим Морозов

"Самұрық-Қазына" АҚ экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Нәзира Нұрбаева онлайн брифинг өткізіп, онда 2021 жылдың өндірістік және қаржылық қорытындылары туралы баяндап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Спикердің айтуынша, 2021 жыл қол үшін айтарлықтай нәтижелі болды. 

"Алдын-ала деректер бойынша, 2021 жылы компаниялар тобының кірісі 11,7 трлн теңгені құрады, бұл жоспарланған межеден 2,4 трлн теңгеге көп. Таза пайда 1,6 трлн теңге, бұл 2021 жылға арналған бекітілген жоспардан және 2020 жылдың нәтижелерінен үш есеге жуық жоғары", – деді қордың экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры.

Пайданың артуы негізінен есепті кезеңдегі мұнай мен мұнай өнімдері бағасының өсуіне байланысты. 

"Сонымен қатар карантиндік шаралардың жеңілдетілуіне және елдегі және әлемдегі эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруынан, 2021 жылы әуе және теміржол көлігі саласында жолаушылар тасымалы сәйкесінше 74%-ға және 49%-ға өсті. Қытай-Еуропа, Қиыр Шығыс-Орталық Азия және Қытай-Кавказ, Түркия бағыттарында контейнерлік транзит көлемі артты, осыған байланысты контейнерлік тасымалдар 22%-ға өсті. Сонымен қатар ішкі нарықта электр энергиясын тұтынудың өсуі электр энергиясын өндіру мен тасымалдау көлемінің сәйкесінше 13% және 18%-ға артуына ықпал етті", – деді спикер. 

Нәзира Нұрбаеваның айтуынша, қор жалғыз акционері – Қазақстан Республикасының Үкіметіне төленетін дивидендтер көлемін ұлғайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Мәселен, 2021 жылы ұлттық компания республикалық бюджетке 88,3 млрд теңге дивиденд төледі. 

"Өткен жылдың оң нәтижелерін ескере отырып, биыл "Самұрық-Қазына" мемлекетке 170 млрд теңге дивиденд төлеуді жоспарлап отыр. Былтыр қордың портфельдік компаниялары республикалық бюджетке салық түрінде 1,2 трлн теңгеге жуық қаражат аударды, бұл республикалық бюджетке түсетін жылдық түсімдердің 10%-ды құрайды", – деді спикер. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу