"Самұрық-Қазына" мен ДСМ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

598

Меморандум эпидемиологиялық қауіп-қатерлерге қарсы дер кезінде шара қабылдауға мүмкіндік бермек. 

"Самұрық-Қазына" мен ДСМ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Аталмыш шара аясында екі тарап келісе отырып, "Самұрық-Қазына" қоры денсаулық сақтау министрлігіне 100 жедел жәрдем көлігін, 1000 оттегі концентратын, 50 өкпені жасанды желдету аппаратын, 1000 пульсоксиметр және 3000 "Авифавир" вирусқа қарсы дәрісін табыстады.

"Бұл шаралардың барлығын ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы қолдады. Өздеріңіз білетіндей, жақында Елбасымен кездесу өтіп, онда ол Қордың ішкі резервтерінен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында екі медициналық клиника салуға қаражат бөлуді тапсырған еді. Бұл орталықтар халыққа медициналық қызмет көрсету үшін ғана емес, сонымен қатар ғылыми-зерттеу әлеуетін шоғырландыруға арналатын болады. Аталған жұмысты бастадық, қаражатты резервке қойдық. Қазір бізге инфрақұрылымы бар жер телімдерін беруі үшін әкімдіктермен жұмыс жасап жатырмыз. Сіздің қазір елге не керек екенін айтқаныңызды негізге ала отырып, құрылысын жүргізіп, қажетті заманауи құрал-жабдықтар аламыз", – деп атап айтты Ахметжан Есімов. 

Министр Алексей Цой "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ мен денсаулық сақтау министрлігінің бірлесе отырып денсаулық сақтау жүйесінің материалдық-техникалық базасын күшейтуі, болашақ қауіп-қатарлердің алдын алуға мүмкіндік беретінін айтты. 

"Денсаулық сақтау министрлігі атынан Қордың көрсеткен корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігіне және жұқпалы аурулардың, оның ішінде коронавирустың өршуіне қарсы күресте ұлттық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға ықпал еткеніне алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер. Меморандум қазіргі эпидемиологиялық қауіп-қатерлерге дер кезінде және қажетті шаралар қабылдауға мүмкіндік беретініне сенімдімін", – деді Алексей Цой. 

Айта кетсек, ұлттық әл-ауқат қоры наурыз айында 6 млн медициналық бетперде сатып алуды қаржыландырған.

Нұржан Көшкін
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу