Үкіметте өткен кеңесте нақты секторда энергетика, өңдеу өнеркәсібі, оның ішінде мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы, көлік және АӨК-тегі негізгі инфрақұрылымдық жобаларды уақтылы аяқтауға баса назар аударылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ, логистиканы цифрландыру қарқынын арттыру, көлік инфрақұрылымын жаңғырту бойынша міндеттер қойылды. Ішкі нарықты отандық өнімдермен толтыру, ветеринариялық қадағалауды күшейту, кооперацияны дамыту және цифрлық құралдар арқылы мемлекеттік қолдаудың ашықтығын арттыра түсу қажеттілігі атап өтілді.
"Энергетика және Жасанды интеллект министрліктері осы жылдың соңына дейін Энергетика министрлігі жанынан құрылған Ахуалдық талдау орталығының базасында Қазақстанның бірыңғай энергожүйесінің онлайн-мониторингін енгізсін. 2027 жылдың соңына дейін, мерзімдерін өзгертпей, Батыс аймақты Біртұтас энергетикалық жүйемен біріктіріп, Оңтүстік аймақты күшейту керек.
20 ақпанда Үкіметке Көмір генерациясы жөніндегі ұлттық жоспардың жобасы енгізілсін.
"Самұрық-Қазына" қоры Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы ЖЭО-ны, "Алматы стансалары" энергетикалық жобаларын белгіленген мерзімде іске асыруды қамтамасыз етсін. Өнеркәсіп, Ұлттық экономика министрліктері мен "Бәйтерек" холдингі екі ай мерзімде полимерлік өнімді одан әрі қайта бөлуді ұйымдастыру үшін отандық бизнесті қолдау тетіктерін әзірлесін. Өнеркәсіп және Ұлттық экономика министрліктеріне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп бір ай мерзімде шикізатты терең өңдеуді дамыту және терең өңделген өнім экспортын ұлғайту үшін жаңа экономикалық ынталандырулар жөнінде ұсыныстар енгізу тапсырылды", – делінген хабарламада.
Өнеркәсіп, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері мен әкімдіктер бір ай мерзімде Үкіметке заңнамалық түзетулер пакетін қоса алғанда, арнайы экономикалық аймақтарды трансформациялау жөнінде келісілген ұсыныстар енгізілуі тиіс.
Ал Көлік министрлігі ҚТЖ-мен бірлесіп жыл соңына дейін "Мойынты – Қызылжар", "Дарбаза – Мақтаарал", теміржол жобаларын іске қосуды қамтамасыз етіп, "Алтынкөл – Жетіген" және "Бейнеу – Маңғыстау" учаскелерін жаңғыртуды аяқтауы қажет екені айтылған.
"Келесі жылдың соңына дейін "Бақты – Аягөз" учаскесі пайдалануға берілсін. ҚТЖ – биыл кемінде 40 млн тонна көлемінде жүк транзиті жөніндегі жоспарды қамтамасыз етуі тиіс. Осы жылдың соңына дейін теміржол желісі операторының жүк вагондарын беру процесін толық цифрландыру қажет.
Көлік министрлігі – "Қарағанды – Жезқазған", "Орталық – Батыс", "Ақтөбе – Ұлғайсын" автожол жобаларын жүзеге асыру, Қызылорда, Сарыағаш және Рудный қалаларында айналма жолдар салу рәсімдерін жеделдетсін. Биыл "Қарағанды – Жезқазған" жобасы бойынша құрылыс жұмыстарын бастасын, келесі жылдың соңына дейін шекарадағы 33 автомобиль өткізу пунктін жаңғыртуды аяқтауды қамтамасыз етсін.
Көлік министрлігі осы жылдың соңына дейін барлық мемлекеттік цифрлық жүйелермен интеграциялауды қамтамасыз ете отырып, Smart Cargo цифрлық платформасын өнеркәсіптік пайдалануға енгізсін.
Ауыл шаруашылығы мен Сауда және интеграция министрліктері бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп бір ай мерзімде қолданыстағы тәсілдерді қайта қарап, ішкі нарықты отандық азық-түлік тауарларымен қамту және экспорттық әлеуетті нығайту жөніндегі жүйелі шараларды әзірлесін. Өндірістен дайын өнімді сатуға дейінгі тиімді әрі ашық тізбекті құрсын", – делінген Үкімет таратқан ақпаратта.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне 15 сәуірге дейін ветеринарияны дамытудың кешенді жоспарының жобасын енгізу тапсырылды.
Сондай-ақ ведомство осы жылдың 1 маусымына дейін Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы тиісті заң жобасын әзірлеуі қажет.