"Самұрық-Қазынаның" табысы былтырғыдан екі есе аз

978

Ұлттық әл-ауқат қоры 429 млрд теңгенің шығынын қысқартқан. 

"Самұрық-Қазынаның" табысы былтырғыдан екі есе аз

Пандемияға ілесіп келген дағдарыс "Самұрық-Қазына" компаниялар тобына кіретін 12 топ-кәсіпорынның жағдайын нашарлатқан. Ұлттық әл-ауқат қорының экономика және қаржы жөніндегі тең басқарушы директоры Ернар Жанәділ мұндай жағдай шығындарды қысқартуға мәжбүр еткенін айтады.

"Пандемия мен  шикізатқа сұраныстың азаюы қордың қаржылық нәтижелеріне де елеулі әсер етті. Бұл кезде қор өзіне тиесілі қаржы көздерін басқару жолдарын қайта қарады. Осылайша компаниялар тобы 2020 жылға жоспарланған операциялық шығындар мен капитал шығыстарын 429 млрд теңгеге қысқартты.  Капитал салымдары 302 млрд теңгеге, тасымал мен сатылым шығындары 127 млрд теңгеге қысқарды. Оның ішінде жалпы және әкімшілік шығындар 72 млрд теңгеге қысқарды. Бұл қысқартулар компанияның стратегиялық мақсаттары мен өндіріске мейлінше аз зардап тигізетіндей етіп жасалды. Капитал салымдары мен инвестициялық жобаларға бөлінуге тиіс болған 13 млрд теңге кейінге қалдырылды. Бұл 429 млрд теңгеге қосымша қысқарту. 

Қазір қор тобы өзінің 2020 жылға қайта жоспарланған қаржылық көрсеткіштерін асыра орындай бастады. 6 айдың ішінде топқа кіретін 12 топ-компанияның операциялық табысы 215 млрд теңгені құрады. Бұл былтырғы кезеңнен екі есе аз болғанымен, биылғы жаңа жоспардан 72 млрд теңге көп. Осы 12 ірі компанияның алғашқы жартыжылдықтағы таза кірісі 212 млрд теңге болды. Бұл былтырғы кезеңнен 73 пайыз төмен, ал биылғы жоспардан 241 пайыз жоғары. Жыл аяғына дейін бұл көрсеткіш 420 млрд теңге болады деген болжам бар. Бұл жоспардан 150 пайыз артық деген сөз", – деді компания өкілі.

Есжан Ботақара 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу