Сан-Хо Шин кәріс кәсіпкерлерінің қазақ жерінде жұмыс істегісі келетінін жеткізді

962

Сан-Хо Шин кәріс кәсіпкерлерінің қазақ жерінде жұмыс істегісі келетінін жеткізді

Астанада басталған Қазақстан - Корея іскерлік кеңесінің VI отырысында кеңестің тең төрағасы Сан-Хо Шин ағынан жарылып, кәріс кәсіпкерлерінің қазақ жерінде жұмыс істегісі келетінін жеткізді. Себебі бұл жерде бизнес үшін барлық жағдайлар жасалған. Осы орайда "Kolon World Investment" компаниясының президенті Шин мырза өз жерлестеріне мемлекет тарапынан барынша көмек көрсетуді сұрады, хабарлайды ҚазАқпарат.

"Біз Қытай, Индонезия, Вьетнам және тағы басқа мемлекеттерде жұмыс істейміз, біраз жетістіктерге де жеттік. Алайда қазір салыстырып отырсақ, Қазақстанда одан да жақсы жағдайлар жасалады екен. Бүгінгі отырысқа Инвестициялар және даму вице-министрі Қайыров мырза да қатысып отыр. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, кәріс компанияларына қолдау жасауыңызды сұраймын. Мен көп нәрсе сұрамаймын. Бізге тек қолдау ғана қажет. Мәселен, виза мен рұқсат алу жағынан, сосын кәріс кәсіпкерлері Қазақстан заңнамасының кейбір тұстарын білмегендіктен, бірқатар қиыншылықтарға тап болып жатады. Меніңше, Қазақстанда басқаға үлгі болатын компаниялардың санын көбейту керек. Сонда басқа мұнда инвесторлар да көптеп келе бастайды", - дейді Сан-Хо Шин.

Оның айтуынша, бүгінде кәріс компаниялары Қазақстандағы жекешелендіру науқанына да, мемлекеттік-жекешелік серіктестік жобаларына да қатысуға даяр.

"KazakhInvest" АҚ басқарушы директоры Асқар Арыновтың ойынша, Шин мырзаның өтініші Қазақстандағы кедергілерді емес, кәріс бизнесінің осында келуге деген құлшынысын көрсетсе керек.

"Шыны керек, бүгінде Кореяның ірі және шағын компаниялары Қазақстанда өз кәсібін ашуға мүдделі. Осы орайда Шин мырза Индонезияны да, Вьетнамды да мысалға келтірді. Алайда Қазақстанда бизнес үшін жасалып жатқан жағдайлар әлдеқайда жақсы. Сол себепті ол кәріс компанияларына барынша жағдай жасалғанын қалайды. Сосын Шин мырза Қазақстан-Корея іскерлік кеңесінің тең төрағасы, осы қызметте де ол бірлескен әріптестікті дамытуды көздейді", - деді Арынов.

Айта кетейік, бүгін Астанада Қазақстан - Корея іскерлік кеңесінің VI отырысы өтіп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу