"Сән-салтанатқа" салық салынады

851

Мұның орта тапқа қатысы жоқ, бұл салық тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған кезде салынады.

"Сән-салтанатқа" салық салынады

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің бүгінгі Жолдауында айтылды, деп жазады inbusiness.kz.

Экономиканың тұрақты өсуі салық саясатының түсінікті және болжауға болатындай етіп жүргізілуіне тікелей байланысты.

Президент фискалды реттеу ісін қайта жаңғырту үшін 2023 жылы жаңа Салық кодексі әзірленетінін хабарлады. Яғни саналатын салықтық әкімшілендіру мәселесі түгел қайта жазылады.

Сондай-ақ Жолдауда жұмыс барысында бетпе-бет кездесу мүлдем болмайтындай етіп, салықтық бақылау қызметін толық цифрландыру керектігі айтылды.

"Тағы бір басымдық – салықтық ынталандыру шараларының тиімділігін арттыру. Ол үшін экономиканың түрлі саласында дифференциалды салық мөлшерлемесіне көшкен жөн. Пайданың технологиялық жаңғыруға және ғылыми әзірлемелерге жұмсалған бөлігіне салынатын корпоративті табыс салығын төмендету немесе одан босату тәсілін енгізу керек", – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар салық төлеушілердің салықтан жалтаруға құмарлығын азайту үшін арнайы салық режімдерін жеңілдетуді тапсырды. Салық жүктемесін төмендету мақсатында ұйымдарды әдейі бөлшектеуге жол бермеу мәселесі жаңа кодексте қарастырылуы қажет. Сондай-ақ сауда-саттық заман талабына сай дамуы үшін мөлшерлемесі ойға қонымды әрі рәсімдері қарапайым бөлшек сауда салығын қолдану аясын кеңейту тапсырылды.

"Салық реформасы аясында "сән-салтанатқа салық" салуды енгізген жөн. Мұның орта тапқа қатысы жоқ, бұл салық тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған кезде салынады", – деді Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу