Санитарлық қызмет: Ойыншық таңдағанда абай болыңыз!

989

Қытай мен Өзбекстанда шығарған ойыншықтарда фенол, формальдегид, изопропил спирті, диметилфталат мөлшерінің жоғары болып шықты. Бұл туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Санитарлық қызмет: Ойыншық таңдағанда абай болыңыз!

"Өнім қауіпсіздігін мониторингтеу шеңберінде балалар ойыншықтарының сапасын бақылауды жүзеге асырады. Кеден одағының "Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентінің талаптарына сәйкестігін сараптамалық бағалау сатып алуды жүргізу арқылы өнімді өткізу сатысында жүргізіледі", – деп жазылған хабарламада. 

Осылайша биылғы жылдың 10 айында өнім қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу барысында республика бойынша ойыншықтардың 1 970 үлгісі іріктеп алынып, зерттелген. Оның 54,7%-ы немесе 1 079 үлгі регламент талаптарына сәйкес келмеді. Оның ішінде отандық ойыншықтар – 3 (0,27%), ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден әкелінгендер – 95 (8,8%), басқа елдердің өнімдері – 981 (90,9%) бұйым бар. 

"Сәйкессіздіктердің басым бөлігі таңбалау талаптарының сақталмауына қатысты – 98,4%, органолептикалық көрсеткіштер бойынша – 2,6%, санитариялық – химиялық қасиеттері бойынша – 2,9%, токсикологиялық – гигиеналық көрсеткіштер бойынша – 1,7%, физикалық факторлар бойынша – 0,8% анықталды. Қытай мен Өзбекстан Республикасы шығарған ойыншықтарда фенол, формальдегид, изопропил спирті, диметилфталат мөлшерінің жоғары екендігі байқалады", – деп көрсетілген ақпаратта.

Бұл ретте кәсіпкерлік субъектілеріне бұзушылықтарды жою тәртібін міндетті түрде түсіндіре отырып, 139 нұсқама берілді. Сәйкессіздіктер анықталған 55,45 келіден аса ойыншықтар сатылымнан алынды. Анықталған фактілер туралы ақпарат Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті сайтында "Сәйкес келмейтін өнімдер тізілімі" бөлімінде орналастырылған.

Санитариялық-эпидемиологиялық дәрігерлер балаларға арналған ойыншықтар мен басқа да тауарларды сатып алу кезінде таңбалануына ерекше назар аудару қажеттігін еске салады. Тұтынушыға жеткізілуі керек негізгі ақпарат қаптамада көрсетілген. Атап айтқанда, өндіруші туралы мәліметтер мен өнім дайыналған материалдың құрамы, сондай-ақ жас шектеулері жазылады. Иістің, ақаулардың немесе өткір өңделмеген жиектердің болуына, бояудың сыдырылуына және т.б. көріністеріне назар аудару керек.

"Міндетті түрде сатушылардан өнімнің қауіпсіздігін растайтын сәйкестік сертификатын сұрау ұсынылады", – деп ескертті комитетте. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу