Барлық ірі қалалар мен аймақтар арасын сапалы жолмен жалғау керек – Қасым-Жомарт Тоқаев

270

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен кездесуінде айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Барлық ірі қалалар мен аймақтар арасын сапалы жолмен жалғау керек – Қасым-Жомарт Тоқаев Фото: Pixabay.com

"Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысында жол салу және жөндеу бойынша ауқымды жұмыстарды бастауды тапсырдым. Ол кемінде 12 мың шақырым автожолды қамтиды. Автокөлік жолдары – елдің экономикалық және әлеуметтік тыныс-тіршілігінің күре тамыры. Негізгі қалаларымыз бен аймақтарымыздың арасын сапалы жолдармен жалғау маңызды. Тағы да қайталап айтамын – сапалы жолдармен. Ашығын айтсақ, жолдардың сапасы сын көтермейді әрі бұл мәселе жиі көтеріледі.

Жол сапасының нашарлығына қатысты халықтың наразылығы орынды. Оның себебі көп. Ең бастысы, саланы жемқорлық жайлаған. Үкімет пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жол құрылысындағы сыбайлас жемқорлықты жою жөнінде тапсырма берілді. Мемлекет бөлетін қаржының барлығы талан-таражға түспей, тек қана құрылысқа жұмсалуы керек. Бұл қазір басым міндет. Мәселен, Қызылорда – Жезқазған автокөлік жолын қайта жаңғырту жұмысы бірқатар аймақтың, оның ішінде, жаңадан құрылған Ұлытау облысының дамуына тың серпін беруі керек еді. Бірақ жөндеу жұмыстары өте нашар жүргізілген. Халық ондаған жылдан бері жолдың жақсарғанын күтіп отыр.

Бір жағынан, еліміздегі автокөлік жолдарының жай-күйіне объективті мониторинг жүргізілуге тиіс. Нақты ахуалды айқын көрсететін тың тәсілдерді ойластырған жөн. Жол құрылысы және реконструкция жұмыстары кезінде барлық қажетті құзыретке ие, нарықтағы беделі мінсіз, жауапты отандық және шетелдік компаниялардың әлеуетін барынша пайдалану керек. Бұл іске ашықтан-ашық демпингпен айналысатын жалған компанияларды тартудың қажеті жоқ. Сапалы жол жалпыұлттық міндетке айналуы керек. Жолдың сапасы жақсармай, еліміздің дамуы туралы сөз қозғау мүмкін емес", - деді Президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу