Сапарбаев жастарға Астанаға сапарлауға арналған 80 сертификат табыстады

768

Сапарбаев жастарға Астанаға сапарлауға арналған 80 сертификат табыстады

Ақтөбе облысында "Атамекен" құрылыс жасағы  мен "Жасыл ел" көгалдандыру жасағының жазғы еңбек маусымы ресми түрде басталды, деп хабарлайды өңір әкімінің басасөз қызметі.

Шара "Әсем" балалар лагерінің жанында өтті. Жасақтардың жауынгерлері лагерь аумағының құрылысы мен абаттандыруға тікелей атсалысатын болады.

Жаңа маусымның ашылуымен жастарды Бердібек Сапарбаев құттықтады.

"14 жыл бұрын мемлекет басшысы студенттердің еңбек жасағын құру туралы шешім қабылдады. Осы уақыттың ішінде жастар өз отанының гүлденуіне үлкен үлес қосты. Ақтөбе облысының өзінде студенттер жасағының жауынгерлері мыңдаған ағаштар отырғызып, ауқымды аумақтарды  тазалады және абаттандырды, көптеген ғимараттар салды. Былтыр құрылыс жасақтары "Нұрлы жер" бағдарламасының пилоттық жобасының тұрғын үйлерін салуға белсенді түрде ат салысты. Биыл сіздер "Артекке" ұқсайтын "Әсем" жыл бойғы білім беру-сауықтыру лагерінің жұмыстарына үлес қосасыздар. Президенттің тапсырмасына сәйкес балалардың, жасөспірімдер мен жастардың шығармашылық, рухани, физикалық тұрғыда дамуы үшін көптеген нысандар салынып жатыр. Біздер сіздердің көмектеріңізбен үлкен жобаларды жүзеге асыратын боламыз. Әрбір ақтөбелік ат салысса Ақтөбені шынымен де құтты мекенге айналдырамыз, - деді өңір басшысы.

Облыс әкімі еңбек маусымы қорытындысы бойынша үздік деп танылған 80 жауынгерге Астанаға сапар шегу сертификаттарын табыс етті.

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев ағаш отырғызуға қатысып, жастармен сұхбат құрып, олармен бірге алау басында ән салды. Шара соңында жастар облыс әкіміне "Жасыл ел" жасағының киімін тарту  етті.

Айта кетейік, Ақтөбе облысы елімізде жастарды "Жасыл ел" еңбек жасағына ұйымдастыру, орналастыру жағынан және олардың еңбекақыларын төлеуден дәстүрлі түрде бірінші орында. 2017 жылы облыстық штабқа "Үздік республикалық штаб" атағы берілді.

2005 жылдан бастап 2017 жылға дейін облыстағы студенттік жасақтардың қатарында 50 мыңға жуық жас жауынгер еңбек етті. Олар 900 мың тал егіп, 10 тонна қоқыс шығарды, 2520 саябақ пен гүл бақтарын көгалдандырды, 1200 нысан салды.

Осы жылы облыстағы жасақтар 6 мыңға жуық баланы қабылдамақ. Бір жауынгердің еңбекақысы – 60 мың теңге, жұмыс күнінің ұзақтығы 8 сағатқа дейін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу