Сапарбек Тұяқбаев: Азық-түліктен тапшылық болмайды

948

Алматы тұрғындарына азық-түлікті үйіне дейін жеткізіп беруді қамтамасыз ететін механизм күшейтілді.

Сапарбек Тұяқбаев: Азық-түліктен тапшылық болмайды

Алматыда мейрамханалар мен дәмханалардың, сондай-ақ онлайн-дүкендердің жұмысы күшейтілген. Сонымен қатар қалаға азық-түлік тасымалдайтын жүк көліктеріне "жасыл дәліз" ұйымдастырылды. Жалпы Алматы тұрғындарын тағам өнімдерімен қамтамасыз ету үшін қалалық резервтен қосымша 5 млрд теңге бөлінген, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.

"Бүгінде қалаға сырттан келетін немесе сыртқа шығатын азық-түлік тасымалдаушы көліктер мен логистикалық қызмет түрлеріне "жасыл дәліз" қамтамасыз етілді. Алматыда әлеуметтік маңызды 19 түрлі тауардың түрі бар. Азық-түліктен тапшылық болмайды. Олар тиісті көлемде жеткізіледі. Барлық өнімдер Magnum және Small сауда желілері арқылы сатылады. Жекелеген кәсіпкерлермен бағаны көтермеу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Өз тарапымыздан тұрғындарға азық-түлікті пәтеріне немесе үйіне дейін жеткізіп беруді қамтамасыз ететін механизмді күшейттік", – деді қалалық әкімдіктің баспасөз орталығында өткен онлайн-брифингте Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев.

Кәсіпкерлермен азық-түліктің бағасы және оны жеткізу көлемі туралы осы жылдың маусым айының соңына дейін белгіленіпті.

Бұдан өзге дәріханалардағы бетперде бағасына бақылаудың күшейтілгені де айтылды. Қарапайым бетперденің бағасы 87 теңге деп бекітілсе, көмір фильтрлі бетперде 111 теңгеден сатылуда. Ол үшін Алматыда 48 дәріхана белгіленді. Барлығына бейнебақылау орнатылды. Бейнебақылаудағы жазба бір айға дейін сақталатын болады.

Айта кету керек, бүгінде қалада фитнес, спа-салондар, сұлулық салондары мен қоғамдық моншалар жұмысын толық тоқтатты.

Бағаның негізсіз көтерілуі анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Арлан Қалуетов мәлімдеді. Айтуынша, мегаполисте монополияға қарсы заңнаманы бұзушылық фактілерін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

"Біздің департамент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бойынша кешенді шараларды қолға алды. Бетперденің бағасын негізсіз көтеру фактілері бойынша департамент тарапынан нарық субъектілеріне қатысты тергеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл бойынша бізге келіп түскен шағымдар көп", – деді ол.

Сұрақтар бойынша 1406 және Open Almaty 1308 нөмірлері бойынша тәулік бойы call-center-ге хабарласыңыз. Катаралды белгілері бар адамдар анықталған жағдайда дереу қаланың санитарлық-эпидемиологиялық қызметіне тәулік бойы 382-33-50 телефоны бойынша хабарлау керек.

Ресми ақпарат Алматы қаласы әкімдігінің ресми беттерінде және әлеуметтік желілерде қолжетімді. Қосымша ақпарат жедел түрде Telegram-stopcov Almaty арнасында және Darmen мобильді қосымшасында орналастырылады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу