Премьер-министр Олжас Бектенов Құрылтай депутаттарының сауалына берген жауабында сапасыз бензин салдарынан көлік бұзылған жағдайда келтірілген шығынды кім өтейтінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазақстан Республикасының "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңының 31-бабына сәйкес, сатушы тауардың кемшіліктері салдарынан тұтынушының өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне келтірілген зиянды өтеуге міндетті. Ал тауардың кемшілігі расталған жағдайда сараптама жүргізуге байланысты шығындарды да өтеуі тиіс. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 947 және 948-баптарына сәйкес, тауардың кемшіліктері салдарынан келтірілген зиян сатушының (дайындаушының) кінәсінің бар-жоғына қарамастан өтелуге тиіс. Бұл ретте зардап шеккен адам өз таңдауы бойынша келтірілген зиянды сатушыдан немесе дайындаушыдан өтеуді талап ете алады. Осылайша, сапасыз отынды пайдалану салдарынан автокөлікке залал келтірілген жағдайда тұтынушы келтірілген шығынды тікелей сатушыдан немесе дайындаушыдан өтеуді талап етуге құқылы", – делінген жауапта.
Бұл ретте мұнай өнімінің сапасы жеткізу тізбегінің қай кезеңінде нашарлағанын анықтау заңнамада көзделген рәсімдер шеңберінде жүзеге асырылады және бұл тұтынушының келтірілген залалды өтеуді талап ету құқығын шектемейді, деді Үкімет басшысы.
"Жалпы, мұнай өнімдерінің қозғалысын қадағалау тетіктерін жетілдіру, мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру, сапа талаптарына сай келмейтін отынның айналымына жол бермеу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыс тұрақты түрде жүргізіліп жатыр және бұл мәселе ерекше бақылауда", – деп атап өтті Премьер-министр Олжас Бектенов.