Сапасыз ойыншықтардың 93 пайызы Қытайдан әкелінген

3076

Қытайдан әкелінетін ойыншықтарда фенол, формальдегид, тіпті ауыр металдардың көп мөлшері анықталды. Бұл химиялық элементтер балалардың жүйке жүйесін бұзып, жүрек-қан тамырларын зақымдауы ықтимал.

Сапасыз ойыншықтардың 93 пайызы Қытайдан әкелінген

Астана қаласы бойынша тексеруден өткен балалар ойыншықтарының тең жартысы техникалық таңбалау талаптарына сай келмейді. Мұндай тауарды саудалаушыларға түгелдей айыппұл салынды. Алғаш болып санитарлық сала мамандары дабыл қақты, деп хабарлайды 24.kz.

Олардың айтуынша, сапасыз ойыншықтар көбіне шағын сауда нүктелерінде сатылады. 

"Биыл біз 50 рет тексеру жүргіздік. Сөйтіп ойыншықтардың 173 түрін тіркедік. Алайда 83-і органолептикалық көрсеткіштер бойынша асыра таңбаланғанын білдік. Яғни талаптарымыз ескерілмей отыр. Сапасыз тауарлардың 93 пайызы Қытайдан әкелінген. Ал 3 пайызы ТМД елдерінен. Атап айтқанда, Беларусь мемлекетінен", – дейді қалалық қоғам денсаулығын қорғау департаментінің директоры Сәдуақас Байғабұлов.

Қытайдан әкелінетін ойыншықтарда фенол, формальдегид, тіпті ауыр металдардың көп мөлшері анықталды. Бұл химиялық элементтер балалардың жүйке жүйесін бұзып, жүрек-қан тамырларын зақымдауы ықтимал. Сондықтан тауар таңдауда ата-аналар осы жайтқа баса мән беруі қажет.

Сондай-ақ жарамдылық мерзіміне және оны қай жастағы балалардың қолдануына рұқсат етілгені басты назарда болуға тиіс.

Айта кетейік, биыл елімізде ойыншық саудасына қатысты жаңа ережелер енгізілді. Кәсіпкерлер солардың әрқайсысын қатаң түрде сақтауға міндеттеледі. Егер ойыншықтан резеңке немесе пластиктің иісі сезіліп тұрса, онда оның сапасы сөзсіз күмәнді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу